Әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы

1 436

Ел өміріндегі бірқатар проблемаларды шешу көп жағдайда азаматтық қоғамның даму деңгейіне, жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, өз еліне деген мақтаныш сезімге, Отанының мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышты орындауға дайындығын тәрбиелеуге байланысты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қасиетті хадис: “Отанды сүю иманнан-дүр”, дейді. Елін сүю, Отанын қорғау қашаннан ер жігіттің парызы болған. “Отаншыл сезім жас ұрпақ бойына қайдан беріледі? “Отан от басынан басталады”, дейтін халықтың ұрпағы бұл сенімнен шыға алып жүр ме? Қазіргі күні жастарымыздың бойындағы отаншыл рух, патриоттық сезім қай деңгейде?” деген сауалдардың бізді ойландыруы заңдылық.


Жеке тұлғаның әлеуметтенудегі негізгі бағыттың бірі жеке адамның Отанмен сәйкестігі болып табылады. Бұл ретте «Отан» ұғымы адамның туған жерімен, жақындарымен және туыстарымен ғана шектелмейді, сонымен қатар эмоциялық-психологиялық сезімдер (махаббат, патриотизм, шынайы берілгендік, ұлттық мақтаныш сезімдері және басқалар) қырынан да ұғынылады.Көпшілік адамдардың санасында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру тек әскери борышын орындау деп ұғынылуы патриоттық тәрбие түсінігінің мазмұн аясын тарылта түседі.


Бүгінгі күні балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен берілгендік сезімін қалыптастыру, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындық талаптарына толығымен сай келе бермейді. Атқарылып отырған жұмыс еліміздің азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай кешенді шешуді қамтамасыз ете алмайды.


Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға — Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген елдерде мемлекеттік нышандар мемлекеттің оң бейнесін жасаудың негізі ретінде пайдаланылады, ұлттық мақтаныштың белгісі болып табылады, патриоттық сезім мен ерік-жігерді танытудың нысанасы ретінде пайдаланады. Мемлекеттік нышандардың көмегімен азаматтар бойына еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім дәйекті де табанды тәрбиеленеді.


Елдің азаматын тәрбиелеудегі тежемелі факторлардың қатарында патриотизм мен демократиялық нанымдарды нысаналы қалыптастыру үшін жаңа қазіргі заманға технологияларды пайдалануға қабілетті, біліктілігі жоғары мамандардың жеткіліксіздігін, азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі әлеуметтік технологияларды әзірлеуде жеткілікті тәжірибесі бар гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу ұйымдарының аздығын атаған жөн.


Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа тұрғы қажет.


Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады.

 Осыған орай, білім алушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, елдің мемлекеттік нышандарын танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа білім беру мекемелері мен ұйымдарын белсенді түрде тарту қажет.


Білім беру ұйымдарында қазіргі заманғы қазақстандық қоғамдық және мәдени шындықтарға негізделген және қазақстандықтардың ділімен байланысты дүниетаным мәдениеті мен төзімділігі жөніндегі сапалы, мазмұны жағынан тиімді ақпараттық-дидактикалық материалдардың жеткіліксіздігін, балалар мен жастарға арналған, олардың санасында патриоттық сезімді, өз Отанына деген сүйіспеншілікті оятуға, өз Отанына пайда келтіру ұмтылысын тудыруға ықпал ететін кітаптардың аздығын атап өткен жөн. Балалар мен жастарға арналған кітаптар негізінен батыстық мұраттар мен құндылықтарды насихаттауға бағдарланған немесе таза технократиялық түсінікті қалыптастырады.


Әскери-патриоттық тәрбие — азаматтардың, әсіресе жоғарғы сынып оқушыларының, студенттердің, әскерге шақырылғанға дейінгі және әскердегі жастардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген берілгендік сезімдерін тәрбиелеуді қалыптастыру жөніндегі маңызды бағыттардың бірі.


Жастарға әскери –патриоттық тәрбие берудің мақсаты-азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышы мен конституциялық міндеттерін орындауға дайындығын тәрбиелеу.


Әскери-патриоттық тәрбие жастардың бойында патриоттық сезім мен азаматтықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмыстың пәрменділігін арттыру үшін әскери бөлімдер жеке құрамының Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен және жергілікті соғыстар ардагерлерімен кездесулер,азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңінде қорғаныстық-бұқаралық жұмыс айлықтары өткізіліп тұрады.Сондай-ақ мектеп оқушылары мен ауданымыздағы №2087 әскери бөліммен тығыз байланыста болып,Тәуелсіздігі мерекесіне  орай мектеп өнерпаздары әскери бөлімке мерекелік концерт ұйымдастырса,осы мереке қарсаңында әскери бөлім жауынгерлері мектебімізде қару-жарақ көрмесін ұйымдастырды.

Ел боламын деген мемлекеттер ең алдымен ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға шығарған еді ғой. Ұл болашағы, ұрпақ тәр¬биесіның діңгегі хақ дініміз исламда жатыр. Хадисте де, қасиетті Құран Кәрімде де отансүйгіштік туралы көп айтылады. Осыны санасына құйып өскен жас ертең өз Отанының нағыз патриоты болып шығатыны анық. Әйтпесе, бөгде ағымдардың жетегіне еріп, Отан қорғаудан жалтаратын жастардың саны уақыт санап өсе беретіні кәміл.


Кеудесіне “бұл менің елім, менің жерім” дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін “баланы жастан” дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны. Жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететіні еш күмән туғызбайды.


Мектепте оқушыларға әс­ке­ри-патриоттық тәрбие беру тек қана 10-11-сыныптарда өтілетін алғашқы әскери-дайындық саба­ғын­да ғана емес, сонымен қатар, бар­лық сынып оқушыларына сы­ныпта және сыныптан тыс өтілетін іс-шаралар арқылы беріледі. Мектепте әскери-патриоттық іс-шаралар әр оқу жылы басында жоспарланып, өткізіліп отырады.

Ұлы Отан соғысы, Ауған со­ғы­сы, тыл ардагерлерімен, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бас­қар­ма қызметкерлерімен, әскери қыз­меттегі мектеп түлектерімен кез­де­сулер, кештер ұйымдастырылып, оқушыларға патриоттық тәрбие беру жоспарлы жүргізіледі.

Қазақ халқы – намысты қол­дан жібермеген ержүрек, батыр халық. Батыр халықтың ұрпағы екенімізге мақтана отырып, ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді жалғастыру, “Отан үшін жан пида” деген аталы сөз­ді ұлықтау – біздің басты мақ­сатымыз.