Алаяқ жеңілдік сылтауымен 20 млн теңгені ұрлап кеткен
Астана қаласының «Сарайшық» ауданында аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі тіркелді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Наурыз айында белгісіз адам өзін ұлттық байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғынға қоңырау шалған. Ол қосымша телеарналарды қосуға 30% жеңілдік бар екенін айтып, сеніміне кірген. Әңгіме барысында алаяқ жәбірленушіні түрлі әрекеттер жасауға көндіріп, оның ұялы телефонына қол жеткізген. Соның салдарынан телефон уақытша бұғатталып, депозиттік шоттан 20 млн теңге заңсыз алынған.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға, сондай-ақ құпия кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады," - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.







