Жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші ұсталды

1 504

Фото: ©polisia.kzПавлодарда жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші ұсталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап. 

Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылған заманауи бақылау жүйелері оң нәтижесін көрсетуде. Дегенмен, соған қарамастан кейбір жүргізушілер заң талаптарын айналып өту үшін түрлі айла-шарғыға барып жатыр. Солардың бірі - көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағу. 

Осындай құқық бұзушылықтың бірі Омбы - Майқапшағай автожолында анықталған. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ВАЗ-21093 маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көлікті басқарған Павлодар қаласының тұрғыны пайдаланған мемлекеттік тіркеу нөмірі басқа автокөлікке тиесілі екені белгілі болды. Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаевтың мәліметінше, аталған факті бойынша жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, жалған нөмір тәркіленген. Ал көлік арнайы айып тұрағына жеткізілген. Мамандардың айтуынша, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану - ауыр құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекеттер көбіне көлік ұрлығын жасыру, заңсыз жүк немесе жолаушы тасымалдау, сондай-ақ айыппұлдардан жалтару мақсатында қолданылады.

Полиция жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Көлік құралын тек өзіне заңды түрде тіркелген мемлекеттік нөмірмен басқару - әр азаматтың міндеті. Ал жалған нөмір қолдану әкімшілік жауапкершілікпен қатар, белгілі бір жағдайларда қылмыстық жауаптылыққа да әкелуі мүмкін екені ескертілді. Қазіргі уақытта өңірде осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.