Ауа райының қолайсыздығынан 100 ден астам жылқы қырылған
Маңғыстау ауданында жауған нөсер жылқылардың қырылуына себеп болды, жаңбырдан кейін жануарлар тұзды батпаққа батып қалған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде малдың қырылғаны туралы жазбалар жариялаған. Олардың айтуынша, кейбір шаруашылықтарда әр үйден шамамен 10-ға жуық жылқы қырылған.
"Маңғыстауда қатты жаңбырдан кейін Ақшымырау ауылының маңындағы мал сортаң батпаққа батып қалды. Көп жылқы тұзды батпаққа батып арам қатты, тағы бірнешеуі шыға алмай қалды. Егер Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік көмек көрсетпесе, жағдай одан сайын ушығуы мүмкін", - деп жазды ауыл тұрғындары.
Тұрғындар заң шығарушылар мен жануарлар құқығын қорғаушыларды бұл мәселеге назар аударуға шақырды. Кейінірек жергілікті әкімдік өңірдегі қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сайөтес ауылы маңында, облыс орталығынан шамамен 120–150 шақырым қашықтықта, сондай-ақ Сайөтес пен 7-разъезд аралығындағы теміржол желісі бойында жиналған мал шығыны тіркелген. Жағдайды бағалау мақсатында 16–17 -ші сәуір күндері мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылған. Алдын ала деректер бойынша, 100-ден астам жылқының қырылғаны анықталған. Қазіргі уақытта нақты санын белгілеу жұмыстары жалғасуда, өйткені мал иелері толық түгендеу жүргізіп үлгермеген.
Мамандардың болжамынша, мал шығынына қолайсыз ауа райы - қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған. Бағытынан адасқан жануарлар жетуі қиын аймақтарға өтіп кетіп, батпақты жерлерде қырылған. Кейбір үйірлер елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта табылған. Жоғалған малды іздеу үшін дрондар арқылы әуеден мониторинг жүргізілген. Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен арнайы жедел штаб отырысы өтіп, мұнай-газ компанияларына қосымша техникалық қолдау көрсету тапсырылған. Қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, барлық қажетті жұмыстарды жергілікті жерде үйлестіруде.
"Оқиға салдарын жою үшін барлық күш пен ресурс жұмылдырылды: ірі аймақтық кәсіпорындардың, төтенше жағдайлар қызметтерінің және жергілікті билік органдарының техникасы тартылды. Су сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген қарқынмен жалғасуда. Жағдай мұқият бақыланып отыр. Мал иелерімен байланыс орнатылып, заманауи бақылау жабдықтары мен арнайы техника іске қосылды", - деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі өкілдері.







