Маркетплейс сатушыларына мемлекеттік бақылау күшейді

1 508

Фото:© Pixabay.comЕнді маркетплейстерде тауар сататын әр адам салық органдарына есеп беріп, жеке деректерін ұсынуға міндетті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

 Ақпараттың ішінде тауар айналымы, жасалған мәмілелер саны, төлем көлемі және сатушыға аударылған қаражат көрсетілуі міндетті. Бұл жүйе арқылы жауапты органдар электронды саудадағы нақты кірістерді декларациядағы мәліметтермен салыстырып отырмақ. Егер сәйкессіздік анықталса, кәсіпкерлерге түсіндірме беру немесе қателікті түзету туралы хабарлама жолданады. 

“Заңбұзушылық туралы хабарлама жолданады. Осы хабарламаны 30 күнде орындайтын мүмкіндік беріледі. Егер бекітілген мерзімде жойылмаса, онда осындай кәсіпкерлерге қатысты салық бақылау жұмыстары жүргізіледі. Салықтық тексеру болуы мүмкін немесе шот-фактурасына тыйым салынуы мүмкін. Немесе шоттарына бұғаттау қойылады”,- деді мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы Ілияс Қаптағаев. 

Онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлер бұл жаңашылдыққа қарсы. Олар бизнеске қысым көрсетілсе баға шарықтайды деген.

“Маркетплейстерде сауда жасап жүргенімен бір жылдан асты. Бәрі заңды. Салықтарды да уақытылы төлеймін. Барлық деректі көрсетуге өзім қарсымын. Онсызда онлайн саудада барлығы ашық, анық әрі түсінікті. Тексерістерді көбейте бермей, мемлекетке ақша құйып жатқан кәсіпкерлерді қолдау керек”, – деді кәсіпкер Анастасия Завьялова.

Зкономистердің пікірінше, жыл сайын онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлердің саны көбейіп жатыр. Бірақ соңғы жылдары салық төлеуден жалтарып, түрлі құйтырқылыққа баратындар аз емес. Сондықтан көлеңкелі экономиканы анықтауға бағытталған өзгеріс бюджетке үлкен кіріс әкеледі деген пікірде.

“Бұл жалпы әділеттіліктің де қалыптасуына қажет. Өйткені көбіне бізде заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жатқан азаматтар салық төлеп, уақытында бәрін қадағалайды. Алайда кейбір маркетплейстер ешқандай да салықтық тіркеуден өтпестен табыс табады. Бұл сондай салықтық әділеттіліктің ауытқуына әкелетін фактор”, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Қазақстанда 127 шетелдік маркетплейс тіркелген. Оның ішінде AppleAmazonAlibaba сынды алпауыттар да, жұмысын жаңа бастаған компаниялар да бар. Олар 2022 жылдан бастап экономикамызға 146 миллиард теңгеден астам салық төлеген.