Елімізде коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды
Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2026 жылдың бірінші тоқсанында табиғи монополия субъектілеріне жүргізілген тексеріс қорытындысын шығарды. Осы кезеңде комитет мамандары 58 тексеріс жүргізіп, 20 жағдайда заңбұзушылықтарды анықталған. Кәсіпкерлерге қатысты 25 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл сомасы 63,7 миллион теңгеден асқан.
Комитет өкілдері Семейде анықталған заңбұзушылықтар туралы айтты. Комитет мәліметінше, коммуналдық кәсіпорын тариф бойынша табыс тапқанына қарамастан, инвестициялық бағдарлама іс-шараларының бір бөлігін орындамаған.
"Соның салдарынан тұтынушылар 478 миллион теңгеден астам артық ақша төлеген, ал кәсіпорын айыппұл санкциялары салынып, жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.
ТМРК коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын тексеруді және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тұтынушыларға қаражатты қайтаруды жалғастырып жатқандарын хабарлаған.
Қарағанды облысында тарифтік міндеттемелер бір бөлігінің орындалмағаны анықталған. Тұтынушыларға өтемақы тарифтері арқылы 3,1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған.
"Сонымен қатар жылумен жабдықтау саласында 2024-2025 жылдардағы жылыту кезеңінің қорытындысы бойынша есепке алу құралдарынсыз қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері жылу энергиясы үшін ақыны ҚҚС-ты есепке алғанда 1 554,68 миллион теңге сомасына қайта есептеді", – деп толықтырды ТМРК.
Ведомство 2025 жылы мамандар 123 тексеріс жүргізіп, 62 жағдайда заңбұзушылықтарды анықтағанын хабарлады. Қарау қорытындысы бойынша 535 әкімшілік іс қозғалып, 922,9 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды







