Қызылордада мектеп директоры мен бас есепші сотталды

1 806

Фото: istockphoto.comҚызылорда қаласының №2 сотында мектеп директоры мен бас есепшінің ісі қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сотталушы балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің директоры қызметін атқара жүріп, қызмет бабын пайдаланып, бас есепшісінің көмегі арқылы өзінің шотына  2018-2023 жылдар аралығында   бюджет қаражатын заңсыз аудартып алып, жеке бас пайдасына жаратып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген. Ал есепші мектеп директорына бюджет қаражатын жеке басына жаратуға жәрдемдесіп келген. 

Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке жалпы 21,7 миллион теңгеден астам мүліктік залал келген.

Сот отырысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындап, өз әрекеттеріне өкінетіндерін көрсетіп, сотталған бас есепші жүкті екенін, асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп,  бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. 

Жәбірленуші  өкіл сотталушылар шығынды толық өтегендерін  және басқа талабы жоқ екенін көрсетті.

Сот үкімімен мектеп директоры Қазақстан Республикасының ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2), 3)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталған бас есепші Қазақстан Республикасының ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі 189-бабы 3-бөлігі 1),2),3)-тармақтарымен, ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылып,  ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Сотталған бас есепші ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазаны орындау бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды. 

Сот үкімі заңды күшіне  енген.