Мектеп салып жатқан жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр
Атырауда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында тоғыз білім ошағын салып жатқан жұмысшылар бас көтерді. Үш айдан бері маңдай тер еңбекақыларын ала алмай жүрген 30-ға жуық адам жұмысты біржола тоқтатты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.
Үш айдан бері айлықсыз жүрміз деген азаматтар жұмысты тоқтатып, жанайқайларын жеткізді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан талмай тер төккен құрылысшылар қаржымыз жетпей, отбасын асырау қиындады деп ашулы. Сондықтан амалдың жоқтығынан көбі түнгі уақытта такси жүргізіп, жолаушы тасымалдауға көшкен.
Жұмысшылардың тағы бірі өзінің жұмысқа 2022 жылдың соңғы айында орналасқанын айтады.
Жиналғандардың талабын тыңдауға құрылысқа жауапты компанияның басшылығы келді. Ол жұмысшылардың жалақысы тек наурыз айында беріледі деп ашық айтты. Өйткені, қазір компанияда қаражат жағынан қиындықтар туындады, дейді ол.
“Қазір компанияда қаражат жағынан қиындық бар. Алдағы уақытта шешуге жұмыстанып жатырмыз. Жалақы бойынша қазір мәселе қаралып отыр. Наурыз айында беруге тырысамыз. Тапсырыс берушіден ақша күтіп отырмыз”, – деп түсіндіреді "Каспий" кадрлық қауымдастығының директоры Еркінбек Нүсіпов.
Тапсырыс беруші "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясы мектептерді қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған дейді. Олар мердігер компанияға қаражаттың жартысын аударғандарын жеткізді және басшыларымен кездесіп, бұл мәселе шешіледі деп сендірді.
Ал, еңбек инспекциясындағылар тексеріс жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Айтуларынша, аталған компанияға жұмысшылар тарапынан бұған дейін де бірнеше мәрте шағым түсіпті.