Халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматы енгізілді
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары да қарқынды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жаңа форматта Smart Point алаңшалары енгізіліп жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тұрғындар құжаттарын заманауи технологияның көмегімен рәсімдейді. Яғни, бірқатар мемлекеттік қызметті өз бетінше ала алады. Қазір бұл қызмет Астана мен Түркістанда және Ұлытау облысында қолжетімді.
Түркістандағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Smart Point кеңістігі бір ай бұрын пайда болды. Тұрғындар цифрлық технологиялардың көмегімен құжаттарын дайындап, қажетті анықтамалар мен бірқатар мемлекеттік қызметті өз бетінше рәсімдейді. Жаңа мүмкіндік іске қосылған алғашқы айда 6 мыңнан астам тұрғын қызметті пайдаланып үлгерген.
- Халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа құжат жинау үшін келген едім. Мұнда Смарт Пойнт деген жаңа аймақ бар екен. Мамандардың көмегінсіз, ешқандай кезекке тұрмадым. Бұл жүйе өте тиімді. Маған қатты ұнады. Құжаттарды сенімді әрі тез шығаруға болады, дейді қала тұрғыны Дархан Сұлтанбек.
Smart Point кеңістігінде тұрғындарға қызмет алудың бірнеше мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда жасанды интеллект негізіндегі AlemGPT жүйесі қолданылады. Ол қажетті сервисті таңдауға көмектеседі. Ал өзіне-өзі қызмет көрсету компьютерлері арқылы тұрғындар 100-ден астам мемлекеттік қызметті алады. Мамандардың айтуынша, жаңа тәсілге үйрену үшін уақыт қажет. Сондықтан келушілерге жүйені түсіндіретін қызметкерлер көмек көрсетеді.
Мұнда құжат рәсімдеу терминалы да бар. Енді тұрғындар жеке куәлігін ауыстыру немесе төлқұжат алу үшін операторға жүгінбейді. Құрылғы барлық кезеңді өзі көрсетеді. Тек экрандағы нұсқаулықтарды орындап, суретке түсіп, өтінім берсе жеткілікті.
- Электронды анықтамалар арқылы халыққа 5000-нан аса анықтама бердік. Жеке төлқұжатын алу тақтайшасы арқылы 40-тан аса құжат алынды, дейді Айдос Ашетов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ ОФ директорының орынбасары.
Жаңа форматтағы қызмет көрсету мүмкіндіктері біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір мұндай кеңістіктер Қазақстанның үш өңірінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта жүйені басқа қалаларда да енгізу жоспарланған.







