ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНА БАСПАСӨЗ-ТУРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

295
Бүгін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы БАҚ өкілдері үшін баспасөз-турын ұйымдастырды. Журналистер назарына Қызылорда қаласындағы өндіріс орындарының жұмысы ұсынылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Өңірде жеке кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе шикізат өндірісін қолға алып, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отырған жергілікті өнімдер үлкен сұранысқа ие. Мәселен «ВЕГА-Пром» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехы 2015 жылы іске қосылған. Бұл жобаның жалпы құны – 103 млн теңгені құрайды. Аталған цехтан 10 түрлі құрғақ құрылыс өнімі шығарылады.


"Бүгінде жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның бірі - «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеке кәсібімді ашу үшін 3 гектар жер алдым. Қазіргі уақытта күніне 75 тоннадан астам өнім өндіреміз. Қазіргі таңда өндіріс қуаттылығын 24 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсатында нысанның екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Алдағы уақытта 50 адамға дейін жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз", - деді «ВЕГА-Пром» ЖШС құрылтайшысы  Әбдіхалық Ділманов.
Ал «Әділханова» ЖК құрылысқа қажетті металл өнімдері өндірісі 2020 жылы іске қосылған. Мұнда күніне 1500 м2 құрылысқа қажетті өнім өндіріледі. Шығарылған тауарлар ішкі нарықты толық қамтамасыз етуде.

"Біздің негізгі шығаратын өнімдеріміз құрылысқа қажетті тауарлар. Екі жыл бойы жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істеудеміз. Жылдан жылға цехың көлемі ұлғайып, шығаратын өнімнің түрлері көбейіп келеді. Бүгінде 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта автоматтандыру жүйесіне көшуді жоспарлаудамыз. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізбек", - деді “Әділханова” ЖК директоры Исатай Нұржанов.