"Өзбектер отыз жылда 15 миллионға көбейген": Қоғам белсендісі еліміздегі халық санының баяу өскеніне налыды

195
Белгілі эколог Азаматхан Әміртай қазақстандықтар санының 19 миллионға жеткені туралы жаңалықты екіжақты қабылдағанын жеткізді. Ол халық санының баяу өсу себебіне үңілді.

"Байтақ-Болашақ" экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай желідегі парақшасында еліміздегі халық санының өсімін көршілес Өзбекстандағы жағдаймен салыстырды. "Кеше кештен бері әлем желі жарылып, сүйіншілетіп жатыр. Бақсақ, Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетіпті. Бір қарағанда әлемде жерінің үлкендігі жағынан 9 орынды алатын алып еліміз үшін халықтың көп болғаны жақсы. Қуанышты жағдай. Ал екінші қырынан алғанда мәз болып, бөрікті аспанға атудың қажеті жоқ. Неге? Көрші өзбекті алайық, тәуелсіздік алған жылдары олар 20 миллион еді. Қазір 35 миллионға жетіп, мейманасы тасып отыр. Демек өзбектер 30 жылда 15 миллионға көбейген. Біз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары 16 миллионның үстінде едік. 30 жылда 3 миллионға көбейіппіз. Осы да қуаныш па?", - дейді экологиялық партияның төрағасы. 


Азаматхан Әміртай Қазақстандағы халық санының тәуелсіздік жылдарында өсуіне кедергі болуы мүмкін себептерді атады. "Қазақтың өсіп-өнуіне кім бөгет болып отыр? Сәл тереңірек қарасақ, қазақтың жерінде құны АҚШ долларымен есептегенде 10-15 триллион болатын байлық бар. Бұл зерттелгені. Осыншама ырғын байлық кем дегенде 100 миллион халықты аста-төк асырауға жетеді екен. Бірақ мұндай мол байлықтан қазақ қағылған. Қызығын биліктің маңайына шоғырланған азғантай топ қана көріп отыр. Халық тақыр кедейдің ар жақ, бер жағында ілдалап күн көруде. Әр адам кредитке байланған. Демек күн көрісі қиындаған жұрт бала тууды емес, қалай жан бағуды ойлайды", - деген пікір білдірді қоғам белсендісі.