"Фактілер болуы мүмкін": Асхат Аймағамбетов мектепке пара беріп жұмысқа орналасуға қатысты пікір білдірді
378

Министрдің айтуынша, солтүстік облыстарда білім басқармасының басшылары мұғалім жетіспеушілігін шешу үшін педагогтарға жалынуға мәжбүр. Алайда Асхат Аймағамбетов кей аймақтарда жағдай керісінше болуы мүмкін екенін жасырмайды. "Сондай фактілер болуы да мүмкін. Бірақ әр факті бойынша жұмыс істейтін болсақ, әрине біз нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек", - дейді ведомство басшысы. Асхат Аймағамбетов мектептерде жұмысқа орналасу кезінде жемқорлықтың алдын алу үшін білім туралы заңға өзгеріс енгізгенін атап өтті. "Сол заң бойынша енді мұғалім болып мектепке тұру үшін кандидат бірқатар критерийлерге сай болуы тиіс. Жақында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы қабылданды. Мен қол қойдым. Сол бұйрық бойынша енді директор өз еркімен мұғалімді жұмысқа ала алмайды. Электронды форматта болады, екіншіден нақты бекітілген критерийлер арқылы ғана жұмысқа алатын болады. Ол бекітілген критерийлер.
Мысалы мұғалімнің доктор атағы болса оған 10 балл алады. Оның шебер атағы үшін, жоғарғы категориясы үшін 10 балл беріледі. Егер оқуын қызыл дипломмен тәмамдаса оған да берілетін арнайы балы бар. Магистр дәрежесіне, еңбек өтіліне байланысты да бағаланады. Халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада жүлдегерлерін дайындаса кандидаттың мүмкіндігі еселенеді. Байқауға қатысқанда тиісті критерилерді мұғалім өзі белгілейді. Кімнің балы көп - сол қабылданады. Меритократия принциптері бойынша шын мәнінде білікті, білімді маман мектепке орналаса алады", - дейді Асхат Аймағамбетов.