Моланы бөлісе алмаған екі отбасы эксгумация жасады

1 510

Фото:© Видеодан скринҚарағанды облысында қабірге дауласқан екі отбасы моланы қазып алды, екі жақ та дәл осы қабірде туысы жерленгеніне сенімді. Дау сотқа дейін жетіп, бүгін сараптама жүргізу үшін мәйіттің қалдықтары қабірден шығарылды, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Екі отбасы да зиарт басына таңнан келді. Екі мешіт қызметкері, жерлеу рәсімінің мамандары, хаттама үшін куәгерлер мен полиция қызметкерлері шақырылған.

Айгүл Жәмилинова анасын бір жарым жыл бұрын жерлеген. Бірден құлпытас орнатуға мүмкіндік болмағандықтан, қабірдің зират шетінде орналасқанын есте сақтап қалған. Орнын белгілеу үшін бірнеше қазық қағып, оларды лентамен қоршап кеткен. Әйел өткен жазда бұл жерге қайта келгенде моланың орында мүлде бөтен адамға қойылған құлпытас тұрған. 

“Ол адамдар жерленген әпкесінің кішкентай бойлы болған дейді. Менің анам да аласа денелі еді. Қазір ештеңе түсініксіз. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес. Егер олай болмай шықса, әрине, қарсы тараптың шығынын өтейміз. Бірақ бұл мүмкін емес, жерлеуге 30 адам қатысты. Сол 30 адамның бәрі – куәгер”, – дейді Айгүл Жәмилинова.

Екінші отбасының да өз куәгерлері мен моланың жанындағы көрші қабірлер түсірілген видеолары бар. Олар туысын Айгүлдің анасынан бір апта кейін жерлеген. Бірақ олардың айтуынша, қыс мезгіліне қарамастан, әр апта сайын тәтесінің қабіріне барып, құран оқып тұрған.

“Олар желтоқсанда келген. Біз қарашада қазық қағып, айналасын белгі беру таспасымен қоршап кеткенбіз. Сонда олар біздің қазықтарды қалай жұлып алып, өздерінің ағаш қазықтарын қаққан? Осы жерде сәйкессіздік бар. Ең алдымен, олар Алланың алдында жауап береді. Екіншіден, біздің алдымызда жауапты. Қалай болғанда да, бізге моральдық әрі материалдық зиян келтірілді, денсаулығымызға әсер етті”, – дейді екінші жақ.

Қазір бұл жерде тек бір адамның жерленгені анық. Алайда нақты бір нәрсе айту әзірге мүмкін емес. Дененің көп бөлігі ыдырап кеткен. Әйелдердің екеуі де мұсылмандық жол-жоралғыға сай жерленген. Бір жарым жыл жатқан мәйіт бүгін сараптамаға жіберілді. ДНҚ сараптамасы 30 күнге дейін созылады.