Елімізде несие алу қиындай түседі

1 518

Фото:© canva.comҚазақстанда әрбір қарыз алушы үшін несиенің ең жоғары сомасы шектелмек, жаңа лимит адамның ресми табысына байланысты болады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық банктің қаулы жобасы 20 мамырда жарияланды. Егер құжат қабылданса, жаңа ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Негізгі өзгеріс – қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТҚК) енгізу. Енді банктер адамның тек ай сайынғы төлемін ғана емес, барлық қарыздарының жалпы көлемін де есепке алады.

Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандықтың жалпы қарызы оның жылдық табысынан сегіз еседен артық болмауы тиіс. Егер лимит асып кетсе, банк жаңа несиеге мақұлдау бере алмайды. Бұл ипотекаға, автонесиеге, бөліп төлеуге немесе тұтынушылық несиеге де қатысты болады.

Есептеу кезінде мыналар ескеріледі:

-Ипотека;

-Автонесиелер;

-Бөліп төлеу;

-Микроқарыздар;

-Мерзімі өткен берешектер.

Банктер несие өтінімі берілген сәттегі қарыздың бастапқы сомасына емес, қалған берешек көлеміне қарайды.

Егер адамның ресми айлық табысы 500 мың теңге болса, оның жылдық табысы 6 миллон теңге болады. Мұндай жағдайда барлық несиелер бойынша жалпы лимит шамамен 48 миллион теңге болуы ықтимал.

Егер қарыз алушының бұрыннан мынадай берешектері болса:

-Автонесие – 15 млн теңге;

-Тұтынушылық несие – 5 млн теңге;

-Бөліп төлеу – 350 мың теңге.

Онда қарыздың жалпы қалдығы – 20,35 миллион теңге. Сәйкесінше, банк жаңа несиені тек қалған лимит шегінде ғана мақұлдай алады.

“Жаңа ережелер халықтың қарыз жүктемесін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, ипотека немесе автонесие үшін әзірге бөлек шектеулер енгізу жоспарланбаған – лимит барлық несие түріне ортақ болады”, – дейді Ұлттық банктегілер.

Болашақта ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға ұсақ несиелер мен бөліп төлеулерді алдын ала жауып, мерзімі өткен қарыздарға жол бермей, ресми табысын растау ұсынылады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.