Әскердегі құқықбұзушылықты ЖИ анықтайтын болды
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскери бөлімшелерге жасанды интеллект элементтері бар камералар орнатылғаннан кейін әлімжеттікке байланысты жағдайлар азаяды деп айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистер камералар орнатылғаннан кейін әскердегі құқық бұзушылықтар азайды ма деп сұрады.
Мен бұған кәміл сенемін. Қазір бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Кейбір әскери бөлімшелерде камералар орнатылып қойған. Оның ішінде жасанды интеллект элементтері бар. Жалпы камера тұрған жерде бұзушылық азаяды деп ойлаймын, – деді Дархан Ахмедиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан бірнеше әскери бөлімше жаңа жүйемен жұмыс істеп тұр.
Ахмедиев жасанды интеллект қандай жағдайларды анықтай алатынын да түсіндірді.
Жүйе әскери техника қозғалысын да бақылай алады.
Автотехника мен бронетехника орында тұр ма, әлде жаттығуға шығып кетті ме – бәрін бақылауға болады. Сондай-ақ төбелес болып жатыр ма, түнде рұқсатсыз шығып кетті ме немесе әскери аумаққа бөтен адам кірді ме – осындай жағдайлардың бәрі тіркеледі, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қазіргі таңда мұндай жүйе үш әскери бөлімшеде жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін министр тапсырмасымен камералар 105 әскери бөлімшеге орнатылады.
Вице-министр бұл камералар адамның бет-әлпетін тану мүмкіндігіне де ие екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жобаға биыл бюджеттен қаржы бөлінген.







