Риелторлар биыл баспана 17 пайызға қымбаттайды деп отыр

207
Қазақстанда баспана тағы 17 пайызға қымбаттауы мүмкін. Сала мамандарының айтуынша, нарықтағы ұсыныс көлемі сұранысты жаппайды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

Риелторлардың айтуынша, былтыр тұрғын үй нарығында сауда қызған. 600 мыңдай мәміле жасалыпты. Бірақ соның 25 пайызы ғана ипотекаға алынған баспана. Бұл ипотекалық өнімдердің Қазақстанда әлі кең таралмағанын көрсетеді дейді мамандар. Сондай-ақ құрылыс материалдарының қымбаттауы да үйдің бағасына әсер етіп отыр.

«Тұрғын үй барлық уақытта өсіп келе жатыр. Биыл да өседі. Әлі 15-17 пайызға өседі. Егер өспесін десек, көптеген үйлер салынуы керек. Сондықтан да бізде әлі үйге сұраныс бар. Сұраныс бар жерде, тұрғын үй салу да бар. Сұраныс бар жерде, бағаның көтерілуі де бар. Несие, ипотека жағын, тұрғын үй бағдарламаларын көбейтсе, халыққа жақсы болар еді. Бізде қазір бағдарламалар өте аз», – дейді жеке компанияның тұрғын үйлерді сату бөлімінің менеджері Мадина Шүкеева.

Оның айтуынша, көп адам табысын қайда жіберерін білмейді. Өйткені инвестицияны түсінбейді. Ал сол ақшасын сақтап қалу керек болса, тұрғын үй сатып алу – өте тиімді тәсіл.

«Ал егер көптеген пәтер жалдап жүргендерге келетін болсақ, әрине, пәтерге ақша төлегенше нисеге үй алған артық», – дейді Мадина Шүкеева.