Temu маркетплейсі балаларға қауіпті ойыншықтар сатқан
Қытайлық Temu маркетплейсі балаларға қауіпті ойыншықтар мен ақауы бар қуаттағыш құрылғылар сатқаны үшін 200 миллион еуро айыппұл арқалады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Еуропа Одағының өкілдері қытайлық Temu маркетплейсін тауарлардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеді деп айыптап отыр. ЕО өкілдерінің айтуынша, платформа өз сайтында заңсыз әрі талапқа сай келмейтін тауарлардың сатылуына жеткілікті бақылау жүргізбеген.
«Компания өз платформасында заңсыз тауарлардың сатылуына назар аудармай, оның Еуропа елдерінің тұтынушыларына келтіретін ықтимал зиянын анықтап, тиісті талдау жүргізбеген», – делінген Еуропа Одағының ресми мәлімдемесінде.
ЕО тарапынан жүргізілген тексерулер барысында Temu платформасында сатылған кейбір тауарлардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Әсіресе, балаларға арналған ойыншықтар мен электронды құрылғыларға қатысты елеулі заңбұзушылықтар тіркелген. Temu компаниясы Еуропалық комиссияның шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Қытайлық маркетплейс өкілдері тағылған айыптарды «негізсіз» деп бағалап, талаптардың шамадан тыс қатаң қойылып отырғанын айтты.
«Біз Еуропалық комиссияның шешімімен келіспейміз және ұсынылып отырған айыппұл көлемін шамадан тыс жоғары деп есептейміз. Қазіргі уақытта қабылданған шешімді мұқият зерделеп, алдағы іс-қимылдардың барлық ықтимал нұсқаларын қарастырып жатырмыз», – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.
Еуроодақ Temu маркетплейсіне қатысты тексеруді 2024 жылдың қазан айында бастаған болатын. Жарияланған алдын ала тергеу қорытындысында платформаның қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталған. Тергеу барысында тәуелсіз сарапшылар Temu платформасы арқылы сатылатын бірқатар электр құрылғыларын сатып алып, арнайы зертханалық сынақтан өткізген. Нәтижесінде кейбір қуаттағыш құрылғылардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні және адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екені белгілі болған. Сонымен қатар, балаларға арналған ойыншықтардың басым бөлігі де қауіпті деп танылды. Сарапшылардың айтуынша, кейбір ойыншықтардың құрамындағы химиялық заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кеткен. Бұдан бөлек, балалар жұтып қоюы мүмкін өте ұсақ бөлшектер анықталған. Мамандар мұндай өнімдер әсіресе жас балалардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін атап өтті.
Еуропалық комиссия Temu компаниясына анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша нақты іс-қимыл жоспарын 28-ші тамызға дейін ұсынуды міндеттеді. Осы мерзім аяқталғаннан кейін Еурокомиссия компанияның талаптарды қаншалықты орындағанын бағалау үшін қосымша екі ай уақыт қарастырады. Егер Temu платформасы Еуроодақтың қауіпсіздік талаптарын толық орындамаса, компанияға ірі көлемде айыппұл салынуы немесе Еуропа аумағындағы қызметіне қатысты қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін екені айтылуда. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары онлайн сауда платформаларының қарқынды дамуы тұтынушылар қауіпсіздігі мәселесін өзекті ете түсті. Әсіресе, балаларға арналған өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың сақталуы халықаралық деңгейде қатаң бақылауға алынуда.
Тағы да оқыңыздар







