Қызылорда облысындағы кәсіпкерлердің 49,5 % әйелдер
Әлемде ең алғашқы миллионер әйел Сара Бридлав есімді кәсіпкер, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Лақап аты Мадам Си Джи Уокер есімімен әйгілі болған американдық кәсіпкер 1867 жылы қарапайым отбасында жеті баланың алтыншысы болып дүние есігін ашқан. Афроамерикандық әйелдерге арналған косметика мен шашқа арналған өнім түрлерін табыс көзіне айналдырған ол «Madame C.J.Walker Manufacturing» компаниясын құрады. Тауарларды өндіру, жарнамалау және таратумен айналысқан атақты компания иесінің өмір жолы өте ауыр оқиғаларға толы.
«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ.
Тақырыптан ауытқымай, Отанымызға оралайық. Егемендік алып, еңсесін тіктеген елімізде де жылдан жылға кәсіпкер қыз-келіншектер қатары артып келеді. Жұмыс жыныс таңдамайтын заманда табысты тіршілікті дөңгелетіп отырған нәзік жандылар қауымы облысымызда да көбейіп келе жатқаны көңіл қуантарлық жайт. Заман ағымы жалғыз жұмыспен шектелуді құптамайды. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 71 147 субъекті тіркелген. Оның ішінде әйелдер үлесі 35 269 құрайды. Бұл дегеніміз облысымыздағы кәсіпкерлердің 49,5 %-ы, яки тең жартысы әйелдер. Етектілер қауымы ерден бір саты төмен тұрғанымен, еш қалыспай еңбек ете алатынына көзіміз жетіп жүр.
Былтыр, яғни 2023 жылы, облыста кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 68 млрд теңгеден аса қаржы қаралып, жыл көлемінде 4716 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында несие портфелі 31,0 млрд теңгені құрайтын 837 жоба субсидияланды. Оның ішінде, 13,1 млрд теңгеге 447 жоба әйел кәсіпкерлердің еншісінде.
Сондай-ақ жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 603 жоба бойынша кепілдік шарты жасалынған болса, оның ішінде 8,4 млрд теңгеге 302 жоба әйел кәсіпкерлердің үлесінде. 2022-2023 жылдары Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар 43 шағын кәсіпкерге табысталған болса, оның 17-і әйелдердің үлесінде. Сонымен қатар аталған жоба аясында қайтарымсыз мемлекеттік гранттар (400 МРП) 1529 шағын кәсіпкерге табысталған болса, оның 890-ы әйел кәсіпкерлер үлесінде.
Ал микрокредиттер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 3,0 млрд теңге шамасында 372 жобаға табысталған болса, оның 32,7%-ы әйел кәсіпкерлерге тиесілі. Яғни, әйел кәсіпкерлердің 1,7 млрд. теңгеге 122 жобасы қаржыландырылды. Зерттеуіміз бойынша нәзік жандылар арасында ең көп таралған кәсіп түрі сауда-саттық саласы мен тігін, қолөнер бұйымдарын өндіру және сұлулық салондары екені белгілі болды. Жылжымайтын мүлік операцияларын орындау мен балабақшалардың басым бөлігі де дәл осы бұрымдылардың меншігінде.
– Алматы қаласы саудамен айналысатын әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Бірақ олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ы әйелдерге тиесілі. Саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында, онда көрсеткіш 47%-ды құрады, – дейді Dasco Consulting Group басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов.
Ауылшаруашылығына келер болсақ, аграрлық несие корпорациясы арқылы кредиттер 459 жобаға 10,2 млрд теңге қаржыландырылды. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлесі 23,1%-ды, яғни жалпы сомасы 2,3 млрд теңге болатын 106 жобаны құрады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Аграрлық несие корпорациясы арқылы жастар кәсіпкерлігі мен ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайызбен 492 жоба 2,3 млрд теңгемен қаржыландырылса, оның 917,9 млн теңгені құрайтын 205 жобасы әйел кәсіпкерлерінің еншісінде. Яғни ауылдық жерлерде мал мен құс ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар да аз емес көрінеді.
Облыс бойынша «Ауыл-Аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық 2,5%-бен шағын неси- елер беруді жүзеге асыратын «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен 3,0 млрд теңге сомасына 406 жоба қаржыландырылды. Оның 160 жобасы әйел кәсіпкерлердің үлесінде болып, жалпы сомасы 903,4 млн теңгені құраған.
Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ақпан айында өткен кезекті жиында әйелдер кәсіпкерлігінің қолға алынып жатқанын мәлімдеді.
– Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты жуырда шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңартылған бағдарламасы бекітілді. Оператор – «Даму» қоры. Онда алғаш рет «Әйелдер кәсіпкерлігі» бағыты бөлек енгізілді. Жаңа бағдарлама аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдікті қаражат, сондай-ақ субсидиялар бөлінеді. «Даму» қоры өтініштерді қабылдайтынын ресми түрде жариялады. Сондықтан «Даму» қорына хабарласып, әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жолдары туралы нақты түсініктеме алуға болады – деді ол.
Ана мен бала – мемлекеттің басты байлығы. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған осынау қайсар да нәзік жандылар қауымы қашанда құрмет пен қолдауға лайық.
Қазақстанның кәсіпкерлік кеңістігінде әйел азаматтар да белсенді. Әйелдер ашқан қаншама бизнес көпшілік тарапынан қолдау тауып, аудиториясын кеңейте түсуде.
McKinsey зерттеуінше, әйел¬дердің экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласуы 2025 жылға таман әлемдік ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 11-26 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ 9 пайызға өсім көрсетуі мүмкін екен.
Қазақстандық әйел кәсіпкер¬лерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1 мыңнан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады.
«Гендерлік теңдік – Қазақ¬станның әлеуметтік ғана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік бері¬летінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіп-керлігінің үлесі 43 пайызды құрайды» делінген банк хабарламасында.
Статистика бойынша, қазақ¬стандық әйелдер несие төлемін кешіктірмеу бойынша да өте мұқият. Елімізде керісінше, ер¬лер қауымы несие төлеміне жауап¬сыз қарайтын көрінеді. Қазір¬гі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі әйелдер биз¬несін өрістету мақсатында микро¬қаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Қазірге дейін 86,5 млн доллар қаржы бөлінген. Әрине, бұл аз ресурс емес.
– Банк стратегиясы бойын¬ша біз «Әйелдер – бизнесте» бағ-дарламасы аясында қазақстан¬дық әйел кәсіпкерлерге қолдау көр-сетеміз. Қазіргі таңда 300-ден астам әйел басшылық ете¬тін компаниялармен бірігіп консуль¬тациялық жобаларды жүзеге асырдық. Сондай-ақ біз жыл са¬йын 1 мыңға жуық кәсіпкер әйел-дер мен басшы әйелдерді түр¬лі оқу бағдарламаларына, тре¬нинг-терге қатыстырамыз, – дейді банктің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша менеджері Алма Қасымова.
Банктің қаржылық емес қол¬дау құралдары қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби сарап¬тамаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарламалары мен тәлім¬гер¬лікке қолжетімділігін қамтама¬сыз ету бар. Былтыр жағадан ал¬ған пандемияға қарамастан тәлімгерлік бағдарламасына қатысқан 50 әйел франшиза сатқан, жаңа нарықтарға шық¬қан және жаңа өнімдер өндіре бастаған. Бір қызығы, 2020 жылы пандемия қыспаққа алған кезде ерлерге қарағанда әйел азаматтар жұмыс істейтін және басқаратын бизнес ұйымдары көп зардап шеккен. Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кетсе, ерлер тарапында мұндай теріс көрсеткіш 60 пайызбен шектеледі. Сондай-ақ әйелдер ШОБ-ында орта есеппен 12-ден 9-ға дейін жұмыс орындарының саны қысқарған.
– Зерттеу көрсетіп отыр¬ған¬дай, отбасылық бизнес жүр¬гізіп отырған жетекшілердің бұл кәсібін ұрпағына тастап кету¬ге қатысты жоспары жоқ. От¬басы¬лық компаниялардың тек 30 пайызы ғана кәсібін келер ұр¬паққа қалдыруды сәтімен жү¬зеге асыра алған. Отбасылық ком¬паниялардың алдында тұрған басты міндет – инновация мен цифр¬ландыруды тоғыстыра оты¬рып қажетті дағдылар мен мүм¬кіндіктерге қол жеткізу, – дейді Алма Қасымова.
Қазірге дейін банк әйелдердің экономикалық мүмкіндігін ке¬ңейту үшін 1,5 млрд еуро инвес¬¬тиция құйған. Банк пайда бол¬ға¬лы бері гендерлік теңдік пен инкл¬ю¬зияны алға жылжыту мақ¬сатында 350-ден астам жоба жұ¬мыс істеп келе жатыр екен. Осы¬ған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те әйел¬дер кәсіпкерлігін дамытуға қатыс¬ты ел аумағында 17 орталық құрылатынын мәлімдеген еді.
«Әр өңірден бір орталық ашылып, олар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша жұмыс істей бастайды. Орталықтың басты міндеті – әйелдерге ақпараттық және консультативтік қолдау білдіру. Орталықтар министр¬лік, «Атамекен» ҰКП пен Пре¬зидент жанындағы отбасы¬лық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлт¬тық комиссияның келісімі негі¬зінде құрылады» деген еді. Бұдан соң мемлекеттің де әйел кәсіпкерлерді қолдауға қатысты жобалары көбейе түсер деген үміт бар. Қазіргі кезде мемлекеттен қолдау алып отырған әйел кәсіпкерлер үлесі 32 пайыз мөлшерінде екен. Қолдау дегенде банк несиесі мен гранттар туралы айтып отырмыз. Әрине, бұдан өзге оқыту, үйрету секілді қаржылық емес қолдау түрлері де бар. Жоғарыда айтып отырған Еуропалық қайта құру және даму банкімен Үкімет тығыз жұмыс істейді. Қазірге дейін екі жақты келісім негізінде әйелдер басшылық ететін 300 кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген.
Фото: rgnn.org