Елордада көшеде телефоннан бас алмайтындарға арналған бағдаршам орнатылды

422
Нұр-Сұлтанда жол қозғалысын реттейтін инновациялық құралдарды тестілеу басталды. Бұл туралы қала әкімдігі елорданың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына сілтеме жасап хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, SWARCO өндірушісінің жаңа бағдаршамы әдеттегі дыбыстық функцияны толықтыратын болады. Енді бағдаршамның қызыл жарығы тротуарға да түседі тиісінше жаяу жүргіншілердің смартфонының дисплейіне де шағылысатын болады.

"Жаяу жүргіншілер бағдаршамы жердегі жарықтандыру функциясын орындап қана қоймайды, сонымен қатар, телефоннан көз алмайтын өскелең ұрпақтың назарын аударады. Осылайша жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосады", - дейді әкімдіктен.

Ведомствоның хабарлауынша, жаяу жүргіншілер бағдаршамының жаңа моделінде мынадай артықшылықтар бар:

ымырт үйірілгенде және түнгі уақытта тротуарға қызыл жарық түсуіне байланысты бағдаршамның қызыл белгісі жақсырақ көрінеді;

смартфонның дисплейіне бағдаршамның қызыл сигналы түсуі арқылы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі артады;

 тротуардың шетінде қызыл түспен белгіленген орындардың арқасында жаяу жүргіншілерді көлік жүргізушілері жылдам байқайды.