Қазақстанда кей әскери қызметкерлерге үш есе мөлшерде төлем берілетін болды

1 505

Фото: magnific.comҚазақстан Сенаты әскери қызмет өткеру тәртібін өзгертуге және әскери қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулерді мақұлдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Негізгі өзгерістердің бірі – қосымша төлемдерге қатысты. Құжатқа сәйкес, Қарулы күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметкерлері төтенше жағдайларды жоюға, терроризмге қарсы операцияларға қатысса немесе төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмылдырылса, оларға ақшалай төлем үш есе мөлшерде беріледі.

Сонымен қатар қылмыстық іске байланысты штаттан уақытша шығарылып, командирдің қарамағында қалған әскери қызметкерлерге осы кезеңде ең төменгі жалақы көлемінде төлем төленеді.

Заң жобасында жоғары әскери лауазымдарға кандидаттарды іріктеу үшін цифрлық рейтинг жүйесін енгізу көзделген. Бұл талап арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қолданылмайды.

Оған қоса заң шетелдегі қазақстандық әскери өкілдіктердің құқықтық мәртебесі мен қаржыландыру тәртібін реттейді. Бұл құрылымдардағы әскери қызметкерлердің лауазымы дипломатиялық қызмет лауазымына теңестіріледі. Бұл олардың әлеуметтік және қызметтік кепілдіктерін нақтылауға мүмкіндік береді.

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, Қазақстан – БҰҰ-ның дербес бітімгерлік миссияларын жүзеге асыру мандатына ие ТМД кеңістігіндегі жалғыз мемлекет. Осыған байланысты БҰҰ қаражатын бөлу тетіктерін жетілдіру бітімгерлік қызметке қатысатын әскери қызметкерлерге төлемдерді уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 25 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар әскери қызметкерлерге өз еркімен қызметтен босау құқығын беру ұсынылып отыр. Алайда бұл норма төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде қолданылмайды.

Бұдан бөлек, әскери қызметтен босату туралы шешімге шағымдану мерзімі заң жүзінде бекітіледі.

Әскери қызметті шақыру бойынша өтеп жүрген офицерлердің бала күтіміне байланысты үш жылға дейінгі демалысы қызмет өтіліне есептелмейді. Дегенмен бұл кезең жалпы еңбек өтілі құрамына енгізіледі.