Батыс Қазақстанда жасөспірім суға батып кетті.

188
Батыс Қазақстан облысында жасөспірім суға батып кетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 20 шілдеде Теректі ауданы Жаңа өмір ауылында болған. Сағат 17:46-да құтқару тобына Барбастау өзенінде 15 жастағы жасөспірімнің жабдықталмаған жерде суға батып кеткені туралы ақпарат түскен.

«Сол күні Жаңа өмір ауылынан 500 метр қашықта орналасқан Барбастау өзеніне Шаған орта мектебінің оқушылары – екі ұл бала келіп түскен. Олардың екеуі де суда жүзе алған. Шомылу кезінде олардың бірі өзеннің ортасына, тереңдігі алты метрдей тұсқа жүзіп бармақ болған. Алайда ол тұста су температурасы төмен болғандықтан, жасөспірімнің аяғы тартылып, суға бата бастаған. Екінші бала оны құтқармақ болғанымен, еш нәтиже шықпаған», - делінген ТЖД хабарламасында.

Оқиға орнына құтқарушылар шақырылып, сағат 19.00-де баланың денесін тауып, судан шығарды.
Құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтарына суда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтау, жағадан алыс жүзбеу және тек жабдықталған жерлерде ғана шомылу керек екенін ескертеді.