"Жылап, дұға оқыды": Шымкентке ұшып шыққан ұшақ әуежайға қона алмаған
Алматы - Шымкент рейсінің жолаушылары қатты найзағай кезінде түсіріп алған видео таралып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесі Шымкентке бірден қона алмай, қосалқы аэродромға бағытталғанын айтқан. Жолаушының айтуынша, рейс Алматыдан 22:50-де ұшуы керек еді, алайда алдымен 30 минутқа, содан кейін тағы жарты сағатқа кешіктірілген. Нәтижесінде ұшақ түн ортасына таман көкке көтерілген. Қазақстандықтың айтуынша, жоспарланған қону уақытына шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт нашарлаған.
"Қатты найзағай басталып, күн күркіреді. Басында жағдайдың маңыздылығын түсінбей, видеоға түсіре бастадық. Бірақ қатты турбуленттіліктен ұшақ қауіпсіз қона алмай, қатты теңселе бастады", - деп жазды ол.
Оның сөзінше, ұшақ 15 минуттай қатты шайқалған. Лайнердің қонуға бет алған кезі болғандықтан, жолаушылар арасында үрей туып, жағдай қиындай түскен.
"Кейбіреулер жылап, дұға оқыса, енді біреулері сабыр сақтауға тырысты. Бортсеріктер жолаушыларды үрейге бой алдырмауға шақырып, жағдай бақылауда екенін айтып, тыныштандырумен болды", - делінген жазбада.
Жолаушы экипаждың жұмысын да атап өтті. Оның айтуынша, ұшқыштар күрделі ауа райы жағдайында қонудан бас тартып, қосалқы аэродромға бет алу туралы шешім қабылдаған.
"Экипаж Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға бет алуға шешім қабылдады. Ұшу кезінде жолаушыларға бұл туралы хабарланған жоқ, тек сәтті қонғаннан кейін ғана бортсеріктер Таразға табан тірегенімізді айтты", - деді жазба авторы.
Ұшақ Таразға шамамен түнгі сағат 02:00-де жеткен. Содан кейін жолаушылар әуежайда бір сағаттай күтіп, кейін Шымкентке қайта ұшу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, әйелдің айтуынша, адамдардың бір бөлігі сапарын жалғастырмауға шешім қабылдаған. Жағдайға қатысты Scat әуекомпаниясы түсініктеме берген. Онда Шымкент әуежайына қону кезінде ауа райының күрт нашарлағанын растаған.
"Шымкент әуежайына қону кезінде ауа райы нашарлады: желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнап, нөсер жауды және желдің бағыты ауысуы мүмкін еді. Осыған байланысты Алматы - Шымкент рейсінің экипажы Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға бару туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады компания.
Ауа райы жақсарғаннан кейін ұшақ рейсті орындауды жалғастырған.







