Облыс әкімінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық ведомстоаралық комиссия өтті
Қызылорда облысының әкімі Н.М.Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға облыстық маслихат хатшысы Н.Байқадамов, құқық қорғау органдары мен салалық басқарма басшылары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директоры, сонымен қатар қала және аудан әкімдері (онлайн режимде) қатысты.
Отырыста екі мәселе қаралды.
Бірінші, облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелердің еңбекақы төлеу қоры қаражатын игеру мен мемлекеттік қызмет көрсету жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерге жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары.
Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков өз баяндамасында, сыртқы талдау барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдер анықталғанын жеткізді. Атап айтқанда, білім беру мекемелерінде тиісті бизнес-процесстер автоматтандырылмаған, яғни қаржылық операциялар қолма-қол қағаз жүзінде жүргізіліп келген. Бағдарлама әкімшілері тарапынан жылдық қаржылық жоспарларға талдау-бақылау жұмыстары уақтылы жүргізілмей, бюджет қаржысы негізсіз артық жоспарланған.
Осылардың салдарынан, білім беру ұйымдарында қолданыстағы ақпараттық жүйелердің кешіліктерін пайдаланып, аса ірі көлемде бюджет қаржысы жымқырылған. Бүгінгі күні, бұл деректер бойынша Департаментпен көпэпизодты қылмыстық іс тергелуде.
«Превенция шаралары нәтижесінде жекеленген мектептердің жауапты тұлғаларымен негізсіз шығысталған 35 млн.теңге қаржы аудит басталу сатысында мемлекеттік бюджетке толық көлемде кері қайтарылды», - деді Асылхан Ашиков.
Отырыс барысында, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша атқарылып жатқан жұмыс жөнінде облыстық Білім басқармасының басшысы М.Шермағанбеттің есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе, «Сыбайлас жемқорлықтың алды алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағыты бойынша жұмыс барысы жөнінде Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов баяндама жасады.
Комиссия отырысының қорытындысымен, облыс әкімі Н.М.Нәлібаев көтерілген мәселелер бойынша Департаменттің ұсыныстарын қолдап, облыстық Білім, Экономика және қаржы басқармаларының басшыларына, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және орын алған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, кез келген салада заң аясында әрекет етуді, әділдік, қызметке адалдық және ашықтық қағидаларын берік ұстануды қатаң ескертті.