Қызылордадағы әлеуметтік корпорация мемлекетке 852 млн теңге қайтармаған

194

Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыруға бөлінген бюджет қаражатының қайтарымы қамтамасыз етілмеген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қызылорда облысында «Байқоңыр ӘКК» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар өндірістік тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында бөлінген қаржының пайдаланылуының заңнама талаптарына сәйкестігіне мемлекеттік аудит жүргізілді.


«Аудиторлық іс-шара нәтижесінде, 2019-2021 жылдар кезеңінде бюджеттен бөлінген 852 579,9 мың теңгеге аймақтық тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар өндірістік тауарлар сатып алынып, әлеуметтік дүкендерге таратылған. Алайда, өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларына қосымшада көрсетілген үлгілік шарттың 8-бөлігі 1-тармағының талаптары сақталмай, «Байқоңыр ӘКК» АҚ мен «Алтын қамба «Агроөнеркәсіптік комбинаты» ЖШС арасындағы екіжақты келісімге қосымша келісім жасалмағаны, сонымен қатар, азық-түлік, жемістер мен көкөністерді өткізу бойынша төлемдердің 852 579,9 мың теңге сомасындағы қаражаттардың бюджетке қайтарылуы қамтамасыз етілмегені анықталды», - деп мәлім етті облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті.


«Алтын қамба Агроөнеркәсіптік комбинаты» ЖШС-нен 92 564,2 мың теңге өндірілді.


Қазіргі таңда 760 015,7 мың теңге көлеміндегі бұзушылықтың қалған бөлігін өндіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.


Департаменттің нұсқамасы тиісті түрде орындалмағандықтан акционерлік қоғам басшысына Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 462-бабы 3) тармақшасымен әкімшілік хаттама толтырылып, сонымен қатар, аудиторлық іс-шара материалдары процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.