Шиелі ауданының бұрынғы судьясы мен хатшысы сотталды

651
Шиелі аудандық сотының бұрынғы судьясы мен оның хатшысы Қыдыралиеваға сот үкімі шықты. Аудандық соттың экс-судьясы 12 іске әділетсіз шешім шығарған, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі Антикор мәліметіне сілтеме жасап.

Биыл 10 желтоқсанда Шиелі аудандық сотының бұрынғы судьясы Құрманбай мен оның хатшысы Қыдыралиеваға қатысты айыптау үкімі шықты.

"Құрманбай 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерде өтейді. Қыдыралиева 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтейді. ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, Қыдыралиеваның 4 жасқа толмаған балалары, оның ішінде кішкентай сәбиі болуына байланысты жазаның орындалуы кейінге қалдырылды", - деп мәлімдеді Қызылорда қаласы №2 сотының баспасөз қызметі өкілдері.


Сотталушылардың балалары болғандықтан, сот Құрманбайдың жазасын 5-тен 2,6 жылға дейін, Қыдырәлиеваның жазасын 4-тен 2 жылға дейін жеңілдеткен.

"Құрманбай судья болып қызмет істеген уақытында бірнеше рет сот процестері туралы жалған хаттамалар толтырған және 12 азаматтық іс бойынша шешім шығарған (тұрғын үйлер мен жер телімдерін сатып алу-сату мәмілелерін жарамды деп тану туралы). Ал судьяның мұндай заңсыздықтарына хатшысы Қыдыралиева көмектескен", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.

Құрманбай жалған әділетсіз сот актілерін шығарғаны үшін (ҚК 369-бабы 3-бөлігі) және қызметтік жалғандық жасағаны үшін (ҚК 418-бабы 1-бөлігі) кінәлі деп танылса, Қыдырәлиева сыбайластығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Құрманбай мен Қыдыралиеваға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сот әлі заңды күшіне енбеді.