Банк қызметкерлерінің ескертуін елемеген зейнеткер баспанасыз қалды
Ақтөбе облысында 71 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды, деп хабарлады Opennews.kz ақпараттық агенттігі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар зейнеткерге психологиялық қысым көрсетіп, кредит рәсімдеуге, кейін пәтерін сатуға көндірген. Алаяқтар әйелге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін "Энерго Снаб" ЖШС-нің қызметкері ретінде таныстырған. Олар зейнеткерге электр есептегішін ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген кодты айтуды сұраған.
"Кейін eGov.kz порталының және Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріміз деп хабарласып, есепшотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтқан. Олар зейнеткерді ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген", – дейді полиция.
Ол 500 мың теңге көлемінде кредит рәсімдеп, ақшаны алаяқтар берген шотқа аударған. Кейін олар әйелді "мүлкін сақтап қалу" үшін пәтерін шұғыл сатуға үгіттеген.
"Зейнеткер пәтерін 7,5 миллион теңгеге сатып, түскен қаржының бір бөлігін банк арқылы аударған, ал қалғанын курьерге берген. Банк қызметкерлері күмәнді операцияны байқап, әйелге бірнеше рет ескерту жасап, ақшаны аудармауға көндіруге тырысқан. Алайда алаяқтардың ықпалында болған зейнеткер олардың ескертуіне құлақ аспаған", – дейді Ақтөбе облысының полиция департаменті.







