Қызыл дипломды мұғалім еден жууға мәжбүр болған

1 508

Фото: threads./@sandjiinaАтыраудағы мемлекеттік мектептердің бірінде үлкен дау туды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызыл дипломды, оқушылары түрлі конкурстарда жүлде алып жүрген тәжірибелі педагог әлеуметтік желідегі Санджина парақшасында мектеп әкімшілігі тарапынан өзіне жасалған қысымды ашық айтып шыққан. Педагогтың айтуынша, жаңа оқу жылының алдында оны мектеп кабинетін жөндеуге жеккен. Мұғалім бір апта бойы еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктеуге мәжбүр болған. Ол бұл қадамға жанжал шығармау үшін және оқушыларының нашар жағдайдағы сыныпта отырғанын қаламағандықтан амалсыз келіскен. Жөндеуге және тазалыққа қажетті жуғыш құралдар мен шүберектерді мұғалім өз ақшасына сатып алған. Еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары мұғалімге тиісуді тоқтатпаған. Ол мұғалімнен баспалдаққа шығып, төбедегі электр плафондары мен люстраларды жууды талап еткен.

Мұғалім өмірге қауіпті бұл жұмыстан бас тартқанда, оқу меңгерушісі «Үйіңізде люстра жумайсыз ба? Стремянка деген құрал бар, соны қолдануға кеңес беремін» деп жауап қайтарған.

«Мен мұғалім болып жұмыс істегім келеді. Оқушыларымның жетістіктері бар, өз ісіме бар жанымды саламын. Педагог ретіндегі еңбегімді бағалаудың орнына, неге мектепті жөндеп, плафон жумауым керек екенін дәлелдеп жүргеніме ішім ашиды. Мен жұмыстан қашпаймын, бірақ өз мамандығыма жатпайтын әрі өміріме қауіпті істі істеуден бас тартамын», - дейді педагог.

Желіде бұл оқиға фото-дәлелдерімен тарап, үлкен резонанс тудырғаннан кейін Атырау облыстық білім басқармасы ресми түрде үн қосқан. Басқарма өкілдері аталған факті бойынша арнайы қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеген.

«Әлеуметтік желілерде педагогтерді білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмысына тарту туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты Атырау облысының Білім басқармасы аталған фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Мұғалімдердің еңбек құқықтары Еңбек заңнамасы мен «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес қорғалады. Тексеру барысында мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылады», - делінген ресми хабарламада.

Білім басқармасы тексерістің соңғы нәтижелері қосымша жарияланатынын және педагогтердің құқықтарын қорғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізген.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.