"Жасыл Қызылорда" - қала аумағын жасыл желекпен көмкерілуін қамтамасыз етуде

1 367

Фото: Айбол АйдарбековӨткен жылы өңірімізде «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылғаны белгілі. Басты бағыт – қала аумағын жасыл желекпен көмкерілуін қамтамасыз ету, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сыр бойында тазалық шараларымен қатар, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына айрықша назар аударылған. 

Жасыратыны жоқ, біздің өңір жаз бойы аптап ыстық сақталатын аймақ. Күн жылына егілген көшеттер дұрыс күтім жасалмағандықтан қурап жатқан жағдайлар да кездесетін. Енді мұндай олқылықтың орны толатын кез келген сыңайлы. 

Мақсат Жүсіп жетекшілік жасайтын «Жасыл Қызылорда» мекемесі биылдан бастап каналдар мен арық жүйелерін тазалап, ұңғыма мен насостар арқылы талдарға су жеткізуді қолға алды. Аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларды, көгалды күтіп ұстап, қураған ағаштарды кесу, баптау жұмысын жандандырмақ. 

Күз келісімен арық біткенді қураған шөп пен жапырақ толтырады. Бұл көктем мезгілінде аяқсудың керекті жерге жетуіне айтарлықтай кедергісін келтіреді. Соның алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, қадағаланып отырады. Енді бұл мәселе біржола оң шешімін таппақ. Қазіргі таңда жаңа техникалар алына бастады. Мекеме жұмысшылары қаладағы ағаш егілген аумақтарды, парктер мен аллеяларды күнделікті бақылап отырмақ. Бұл жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таба бермек, – дейді «Жасыл Қызылорда» мекемесі директоры Мақсат Өмірбекұлы. 

Сыр табиғатының өзіне тән тосын мінезі баршылық. Шіліңгір шілде айларында тал көлеңкесі болмаса көше бойында жүру мүмкін емес. Өңірдің аптап ыстығы өкпеңді қысып жібереді. Осындай жағдайларда тал көлеңкелерін жағалап жүрудің рахатын біздің жерлестеріміздей ешкім сезіне алмас. Енді міне өңірдің өңін ашып, көркейту мен көгалдандыру жұмысына «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесі кірісті. Жасыл желекті баптап, құрт-құмырсқадан қорғаудың түрлі тәсілін қолға алынуда.  

– Бүгінде мекеме қызметкерлері қала аумағында арық жүйелеріне күзгі тазалау жұмыстарын жүргізіп, аяқ су арналарын қалпына келтіруде. Жалпы қала аумағына Сырдария өзені мен каналдар арқылы 19 су насосы орнатылған. «Жасыл Қызылорда» КММ тарапынан көше бойларын, саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкеру жұмыстары толық жүргізілді. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін 640500 дана роза, кан, катарантус, циннии, петуния, тагетис, бархатцы, цинерария, пеларгония гүлдері әкелінді. Олар Тұңғыш Президент саябағы, «»Сыр ана» монументі, облыстық әкімшілік ғимараты алды, Ж.Бахадүр ескерткіші, Назарбаев даңғылы бойы, Қуғын-сүргін құрбандары монументі аумағы, қалалық әкімшілік ғимараты, «Қаламгерлер аллеясы», Б.Шөкенов саябағы, «Тағзым алаңы» мен Жаңқожа батыр ескерткіш аумағына отырғызылды. Бұл гүлдер қала көшелеріне сән беріп, кез келген адамға ерекше көңіл-күй сыйламақ, – дейді мекеме директоры Мақсат Жүсіп бізбен әңгімесінде.

Табиғатпен тіл табысып, шаһар аумағын гүлдендіріп, жайқалту – біздің міндет. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығында. Бабалар өсиетін бағдар еткен бүгінгі буын тал егуде тосылмайды. Бүгінде Қызылорданың жаз бойы жасыл желекке малынып, жайқалып тұрғанына көз сүйсініп, көңіл қуанады. Әр тұрғынның есік алдына тал егуді дағдыға айналдырғаны көңіл құсын көкке шарлатады. Туған жерді түрлендіріп, қоғамдық орынды таза ұстау баршамызға ортақ парыз. 

«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» деген Ыбырай Жақаевтың сөзі ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі боларлық.

Жаз мезгілінде саябақтарды тазалау, гүл егу баптау жұмыстарымен айналысамыз. Көше бойларындағы талдарды балақтап, апаттық жағдайдағы талдарды анықтап, кесу жұмыстарын қолға аламыз.  Ал қыстың күндері өзіміздің жылыжайда гүл өсірумен айналысамыз. Көктем басталысымен қала көшелеріне көшеттеп, отырғызамыз. Қыс айында қосымша қар тазалау жұмысымен айналысып, қала тазалығына атсалысамыз. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасын таба бермек, – дейді бағбан Гаухар Ержанова.

Қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында былтыр жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге бөлініп, қызмет көрсетуші мекеме арқылы орталық аймаққа гүлдер мен газондар отырғызылды. Арық жүйелері тазартылып, жасыл екпелер егіліп, суарылды. 

Қызылорда қаласын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы бөлініп, бірталай жұмыс атқарылды. Жыл сайын көктем және күз мезгілінде қала аумағында көркейту және көгалдандыру айлығы қарқынды ұйымдастырылады. Аталған шараға қала тұрғындары мен мекеме қызметкері қатыстырылды. Қала аумағындағы талдарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек.




Тұрар Бекмырзаев, "Сыр бойы" газеті