Бидай өнімдері қымбаттайды

643
Макарон, нан, ұн секілді астық өнімдері қымбаттайды деп дабыл қақты астық өндірісі саласының мамандары. Бұл туралы "Opennews.kz" ақпарат агенттігі хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысының диқаны Марат Қарымсақов биылғы өнімін жылдағыдан қымбатырақ сатуға құлықты. Себебі, биылғы өнімі былтырғыдан 25 пайыз кем. Оның үстіне жергілікті жеке компаниялар нарықты ертерек игеру үшін одан да жоғары баға ұсынып жатқан көрінеді. "110-115 мыңнан сатып аламыз деп жатыр. Керек десе өздері келіп алып кетпекші. Менің астық алқабымның әлі 60 пайыздан астамы жиналған жоқ. Ауа райы астықтың толық жетіліп пісуіне мүмкіндік беріп тұр. Оған дейін баға да тағы өсе түссе бізге жақсы", - дейді диқан. Қазақстан астығының негізгі операторы "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" былтыр бидай тоннасын 83 мың теңгеден алса, биыл 103 мыңға дейін көтерген. Ол шаруалардың банк алдындағы қарызын жабуға немесе техникалық жарақтарын қамдап алуға жеткілікті.

Осы орайда, мамандар жеке компаниялардың диқандарға жоғары баға ұсынып жатқаны, астық операторының бидайды сатып алу бағасын көтергені ұн мен нанның қымбаттауына әкеліп соқтырады деп топшылауда. "Біздің үкіметтің шаруалардың қаржылық шығынын өтейтін мүмкіндігі жоқ. Жалғыз жолы – әлеуметтік маңызы бар азық түрлерінің бағасын барынша қалтаға қолайлы деңгейде ұстап тұру. Оның үстіне бағаның өсуіне келсек, ол астық бағасының өсуіне ғана байланысты емес. Көлік ақысы, жанармай, электр жарығы, жалақы және басқа да толып жатқан жанама әсерлер бар", - дейді Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабанов. Ал министрлік бидай биыл әлем бойынша аз жиналып жатқанын мәлімдеді. Мысалы, Канадада өнім биыл 8 млн тоннаға, Ресейде 13 миллион тоннаға, АҚШ-та шамамен 4 миллион тоннаға азайып қалуы мүмкін. 

Мамандар біздің елде де биылғы қуаңшылық салдарыннан қамбаларға астық шамамен 25 пайыз кем түсуі мүмкін дейді. Ал мал азығы тіпті 30-дан 50 пайызға дейін кемуі ғажап емес. Десе де биыл астық аз түскеніне қарамастан, ішкі нарықты толтыруға жеткілікті. Былтырғыдан қалғанын қоса алғанда тағы 6 жарым миллион тоннасын сыртқа сатуға болады. Қазақстан бидайы мен ұнының негізгі тұтынушысы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан болып келген еді. Ауған нарығы ондағы жағдайға байланысты жабылып қалды. Енді біздің диқандар 3 миллион тонна астықты қайда жіберерін білмей дағдарып отыр.