Сарыағашта 17 жасар қызды 17 жігіт жабылып зорлағанын айтып арызданды
568

Түркістан облыстық полиция департаменті мәлімдегендей, әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданында қызды зорлаған 17 ер адам туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты - биыл 25 мамырда полицияға Сарыағаш ауданының тұрғыны арызданған. Онда әйел өзінің 17 жасар қызын ұрлап кеткенін хабарлаған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабына сай «Адам ұрлау» фактісі ретінде тіркелген.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 2004 жылы туған қыздың жұмысқа кетіп, содан әрі қарай жоғалғанын анықтаған. Бір тәулік ішінде табылып, ата-анасына қайтарылған. Араға аз уақыт салып 10 маусымда ауыл тұрғыны қайтадан полицияға жүгінген.
Бұл жолы қызын 17 ер адам зорлады деп арызданған.
«Арыз ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды. Сот-медициналық сараптама қызметкерлері зорлық-зомбылық дерегін жоққа шығарды. Сондай-ақ жәбірленушінің анасы қызының киімдерін өртеп жібергені анықталды. Осыған байланысты сарапшылар экспертиза жүргізе алмады», - дейді ведомство.
Департамент мәліметінше, сараптамалар кешені тағайындалған.Оның нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.