ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨШЕ КЕЗГЕН ЖАНУАРЛАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРУДА

1 464
Қызылорда қаласының  көшелерінде төрт түлік жануарлар кезіп жүр,- деп хабарлайды «Opennews.kz»  ақпарат агенттігі.

Қызылордалық тұрғындар көше кезіп жүрген төрт түлік малдың бей-берекет жүргеніне наразы. Ол туралы қала тұрғындары әлеуметтік желілерде жаппай наразылықтарын білдіруде. Соңғы уақытта қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларындағы қоқыс контейнерлерін сиыр, жылқы малдары аралап шашып жатқан көрінеді. Иесіз жануарлардың бұл әрекеттерінен жергілікті тұрғындар қорқатындықтарын айтуда. 






 «Бүгінде қаламызда үй жануарларының 24-сағат бойы қоқыс аралап жүруі қалыпты жағдайға айналған. Тіпті иелерінің өздері осы контейнер аумағына малдарын айдап әкеліп, жайылым жасайтын жағдайға жеткен. Сонда қоқыс жеп, целлофан шайнап семірген малдарын соғымға сойып, еттерін жіліктіп сатуы қаншалықты адамгершілікке жатады? Одан қаншама ауру таралуы мүмкін екендігін біле тұра, халыққа орасан зор зиянын тигізіп жүрген мал иелеріне қандай шара қолданылып жатыр» , - деп ашынды қала тұрғыны Есетов Дархан.  Ал келесі қала тұрғыны сол қоқыс аралаған сиырдың сүтін ішуге қорқатынын айтады. 

«Бұзылған заттардан бастап, гигиеналық заттарды жеп жүрген сиырдың еті мен сүті адал ма? Қорегін қоқыстан тауып, аштықтан бұратылған сиырларға кім тосқауыл қояды? Қаншама сиырлар арам өліп жатыр, сойғанда асқазандарынан целлофан шығып, оны тұрғындарға сатпасына кім кепіл?», - дейді әлеуметтік желі қолданушысы Жанна Алматовна.

Естеріңізге сала кетсек өткен айда шаһар басшысы Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы жауапты сала мамандарына арнайы қатаң тапсырма берген болатын. Дегенмен тапсырма аясында арнайы үй жануарларға арналған айып қоралар ашылады делінген еді. Біршама уақыт өтсе де бүгінгі сиырлар мен жылқылардың көше кезіп жүруі шаһар басшысының сөзінің салмағының деңгейін көрсетіп бергендей.  
 
Жалпы қаламыздағы осындай оқыс оқиғалар болып жатқанымен  Қызылорда облысының ветеринария басқармасы басшысы  Қойшыбаев Шахмардан Сұлтанбекұлы хабардар ма екен? Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы полиция-полковнигі  А. Жаназаров тарапынан арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді.  


ТҰМАР ХАНЫМ