Қарағанды облысында белгісіз мал ауруы тарады

269

Қарағанды облысындағы шаруа қожалықтың бірінде мал жаппай белгісіз дертке шалдығып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.


"Екі жыл болды вакцина салмағанына. Малдар әбден ауырған соң шақырттық. Сол кезде келіп вакцина салып кетті. Бірақ қалған вакцина мен витаминдерді өзіміз сатып алып салдық. Тегін бе деп сұрадық, бірақ бізге ақшаның бөлінбегенін айтты", – деді Сәуле есімді Қарағанды облысы Ақжал кентінің тұрғыны.

Мал ауруы Шет ауданының Ақжал кентінен басқа Ақшатау, Киікті, Ақсу- Аюлы, Босаға ауылдары мен Мойынты кентінде жаппай өршіген. Сиырлар мен бұзаулардың ауыздарынан су ағып, жем- шөп жей алмай жатып қалыпты. Қарашаның ортасында алғаш байқалған. 6 ірі қара арам қатқан. Алайда тұрғындар одан да көп сиыр қырылуы мүмкін деп отыр. 

Шет ауданында бүгінде ауруға шалдыққан ірі қара саны 800-ге жеткен. Жергілікті ветеринарлар малшылардың пайымына қарсы уәж айта алмады. 


Ветеринар мамандар да  белгісіз дерттің етек алғанын растады. Сонымен бірге сынамалар республикалық зертханада әлі де сарапталып жатыр деді. Мамандардың дерегінше Қарқаралы ауданында да ауру белгілері тіркелген. 

"Вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Басқа жерлерден малдарды тасымалдау немесе жеке заңды тұлғалардың малды ветеринариялық мамандардың рұқсатынсыз  ескертпестен жаңағы карантинге қойылмаған малдарды алып келу себебінен болады. Ауру тіркелген жеке аулаларда дезинфекция жұмыстары жүргізілді", –  деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігі Ветеринарлық қадағалау комитеті Қарағанды облыстық инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы Данияр Мерғазин.