Қазақстандықтар үй сатып алу үшін қандай депозит түрін жиі пайдаланады

266
400 мыңға жуық салымшы "Отбасы банкте" тұрғын үй депозитін ашты, оның ішінде 78 мың қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

"Сұранысты 2021 жылдың басында байқадық, ол зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты болды. Сондай-ақ "Шаңырақ" және "Бақытты отбасы" бағдарламалары аясында кезекте тұрғандар тарапынан сұраныс болды. Биыл "Бақытты отбасы" бойынша бюджеттен 70 миллиард теңге алдық және 7 мыңға жуық отбасыны пәтерге орналастыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл банк кірісін арттырды. Бұл жылды шамамен 60 миллиард теңге таза пайдамен аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ "Отбасы банктің" басқарма төрағасы биыл түсім бойынша рекордтық жыл болғанын айтты.

"Қазірге дейін депозиттерге 815 миллиард теңге құйылды. Бұл – үлкен сома. Бұл қазақстандық отбасылардың сенімін көрсетеді. Біз жақында статистка жүргізіп, ең танымал өнім – отбасы депозиті екенін көрдік. Бұл адам өз атына, балаларының атына депозит ашып, соңында біріктіру мүмкіндігі. Орташа коэффициент – 4, яғни бір несие алу үшін төрт депозит біріктіріледі. Егер біз 78 мың несие берсек, онда 300 мыңға жуық депозит несиеге айналды", – деп толықтырды Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ "Отбасы банк" басшысы 78 мың өтінімнің тек 21 мыңы ғана бір реттік зейнетақы төлемдерін пайдалануға қатысты болғанын айтты. БЖЗҚ сомасы бойынша 114 миллиард теңге пайдаланылды.