Банк қызметкері 32 млн теңге жымқырған
1 566
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 32 млн теңге жымқырған банк қызметкері сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Риддер қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әйел адам банктердің бірінде кассалық операциялар бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Өткен жылдың желтоқсан айының 11-20 аралығында ол 31 900 000 теңгені жеке шотына аударып алған. Күн сайын 2,5 млн-нан 5 млн теңгеге дейін аударып отырған.
«Айыпталушының кінәсі қаражаттың жетіспеушілігі анықталған есеппен, қолма-қол ақшаны тексеру актісімен, куәгерлердің берген жауаптарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен расталды. Сот шешімімен сотталушы 7 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бойы банк қызметіне қатысты лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды», - делінген ақпаратта.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.