Маңғыстау облысында коменданттық сағат енгізілді

262
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты өңірде коменданттық сағат енгізілді деп,- хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төменде президент қол қойған жарлықтың мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

Маңғыстау облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына, Қазақстан Республикасы "Төтенше жағдай туралы" Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсізідігіне байланысты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 01 сағат 30 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Маңғыстау облысының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін.

2. Маңғыстау облысында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілсін.

3. Төтенше жағдайдың кезеңінде Маңғыстау облысының комендатурасы құрылып, оған Қазақстан Республикасының "Төтенше жағдай туралы" Заңымен көзделген өкілеттіктер берілсін. Маңғыстау облысының коменданты болып Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Төлеубекұлы Бақтыбаев тағайындалсын.

4. Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) Маңғыстау облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленсін;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;

4) Маңғыстау облысына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;

5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;

7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленсін;

8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.

5. Төтенше жағдайдың кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Маңғыстау облысының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.

6. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры осы Жарлықпен белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасының үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы үкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін.

Осы жарлық қол қойылған күннен яғни, 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.