"Экстремистер мен арандатушыларды ұстау жалғасуда": Сағынтаев мәлімдеме жасады

288
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі күрделі жағдайға байланысты қала тұрғындарына үндеу жолдады деп,- хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тұрақсыздық пен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр. Құқық қорғау органдарының көмегімен Алматыда бейбітшілік пен тыныштық, қауіпсіздікті сақтау және жағдайды тұрақтандырудың қажетті шаралары қолға алынып жатыр. Қазір қаладағы ахуал биліктің бақылауына алынды. Экстремистер мен арандатушыларды анықтап, ұстау жалғасуда", - деп мәлімдеді Алматы әкімі.

Сонымен қатар Сағынтаев мемлекет басшысының Алматыда төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын еске салды - ол 5-19 қаңтар аралығына дейін созылады.

"Бұл - құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды шешім.

Әкімдік қала өмірінің барлық саласын қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Біздің ортақ міндетіміз – мегаполистегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірмеу.

Баршаңызды арандатушылық пен заңсыздыққа бой алдырмауға шақырамын.

 Осы қиын кезеңде әкімдік пен құқық қорғау органдарына барынша қолдау көрсеткендерге алғыс айтамын. Түсіністік танытып, үлкен жауапкершілікпен қаламызға деген сүйіспеншілікті көрсеткендеріңіз үшін рахмет", - деп түйіндеді Сағынтаев өз сөзін.