Байқоңырда әйел ер адамды камера алдында шешіндіріп, бопсалаған
452
Байқоңыр тұрғыны виртуалды әлемде танысқан қыздың қақпанына түсіп қалды. Ол камера алдында шешініп, бопсалаудың құрбаны болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Байқоңыр" кешенінің прокуратурасы хабарлағандай, жергілікті тұрғын желі арқылы қызбен танысқан. Алдымен екеуі хат алмасып жүрген. Кейін қыз бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығуды ұсынған. Әрі қарай қыз камера алдында шешініп, жігітке де ұсынған. Жігіт келісіп, камера алдында шешінгеннен кейін, байланыс үзілген.
Көп ұзамай, әлгі қыз жалаңаш видеосын желіде жариялаймын деп жігіттен ақша талап еткен.
"Зардап шегуші белгісіз қызға жалпы 23 мың рубль (130 мың теңге) аударған. Бірақ бопсаның тоқтамайтынын білген соң, полицияға шағым түсірген", - деп атап өтті прокуратурадағылар.
Әзірге тұлғасы белгісіз әйелдің үстінен бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүруде. Ал бақылау органдары аймақта мұндай жағдайдың бірінші рет тіркелмегенін атап өтті. Прокурорлар халықты бейтаныс адамдармен байланысу кезінде абай болуға шақырды.