"Қарапайым заттар экономикасын" ілгерілетуге не кедергі?

114

Бүгінде "қарапайым заттар экономикасын" дамыту аясында басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы қолға алынуда «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Осы мақсатта кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру мәселесін шешу үшін мемлекеттен 600 миллиард теңге бөлінген. Онда экономикалық қызметтің 65 түрі бойынша 365 тауарлық позиция белгіленген. Бұл несиелер "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы субсидияланып, екінші деңгейлі банктер арқылы таратылады.

Бағдарлама қабылданғалы бері де біраз уақыт өтті. Бірақ бұл бағытта Жамбыл облысында шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында өткен жиында айтылды.

Өңірдегі кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Әбдіқадіровтің айтуынша, "қарапайым заттар экономикасын" дамыту аясында құрылған кеңсеге 83 жоба ұсынылған.

"Мұның ішінде 308,7 млн теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банктермен мақұлданды. Ал 18,5 млрд теңгені құрайтын 7 жоба банктерде қаралып жатыр. Жалпы сомасы 9,6 миллиард теңгені құрайтын 43 жоба жинақталып тұр", - деді Айдар Қайнарұлы.  

Жиын барысында белгілі болғандай, Жамбылдағы екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы жобаларын несиелендіруге құлық танытпай отыр. Себебі банктер Тараз қаласы мен аудан орталықтарынан шеткері орналасқан елдімекендердегі нысандарды, тұрғын үй-жайларын кепілдікке алудан бас тартуда.

"Белгілі бір кәсіппен айналысу үшін қаражат керек. Ауылдағы ағайын өздері ұсынған жобалардың жүзеге асатынынан үмітті. Әр ауыл бір жобадан ұсынғанның өзінде, кем дегенде оның саны 400-ді құрауға тиіс. Ал бізде бар-жоғы ұсынылғаны – 83 жоба. Жалпы алғанда, банктер арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыруда көш соңында келеміз", – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.


Екінші деңгейлі банк өкілдерінің өз уәжі бар. Олар шағын және орта кәсіпкерлермен жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Алайда ауылды жердегі кәсіпкерлер кірістер басқармасында кірістерін көрсетпей отырғандығын, ондағы жылжымайтын мүліктердің банк талабына сай келмейтінін алға тартты.

Басқосу кезінде ұққанымыз, Жамбыл облысында "қарапайым заттар экономикасын" дамытуға бағытталған жобалар жетерлік. Мұны демеп, ілгерілетуді көздейтін нақты бағдарлама да әзір. Десе де, жергілікті әкімдіктер бағдарламаның түсіндірілуін өз деңгейінде жүргізе алмай отыр. Екінші деңгейлі банк пен кәсіпкер арасындағы туындаған проблеманың түйінін тарқатуға ниет кем.

Әйтпесе, 9,6 миллиард теңгені құрайтын 43 жоба неге тұр? Қандай кедергі бар? Нақты мәселесін назарға алса, шешілейін деп-ақ тұр. Тек соған мүдделілік керек.