70 жастағы әжей Tik Tok-ты табыс көзіне айналдырған

1 528

70 жастағы зейнеткер Tik Tok аккаунтын ашып, оны табыс көзіне айналдырған. Оны іздесеңіз, «Batystyn azhesi» деген бүркеншік атпен таба аласыз, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


AtyrauPress сайтының мәліметінше, қазір оған 13 мыңнан астам адам жазылған және ресми түрде Tik Tok компаниясына жұмысқа тұрған.

Хадиша Аймұхамбетқызы өзінің көңіл-күйін көтеру үшін түрлі видео түсіріп, уақытын өз қалағандай өткізеді. Ол күн сайын тікелей эфирге шығады және өзіне жазылған достарымен әңгіме-дүкен құрады. Ал желі қолданушылары лайк басып, жақсы пікірлер жазады. Осындай белсенділігі үшін зейнеткерге Tik Tok компаниясы ақша төлейді.  


«Басында мен Tik Tok-қа тіркелген кезде Фариза Оңғарсынова мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыған видеоларымды салдым. Бірақ өлең оқып, жастарды қызықтыра алмадым. Содан бір күні кездейсоқ тікелей эфирге шықтым. Менің тікелей эфиріме қосылғандардың қатары арта бастады. Сөйтіп, эфирге шығу күнделікті әдетіме айналды. Кейінірек Tik Tok агенттігімен келісім жасадым. Енді олар маған жалақы төлейді. Менің аудиториям – әлеуметтік желілерді жақсы білетін жастар. Қазір пайдаланушылармен батллға шығамын, ақыл-кеңесімді айтамын. Мені жастар жақсы түсінгенімен, үлкендер жағы сынап жатады. Ал бұл мен үшін қосымша табыс», - дейді Хадиша әже.


Ақ жаулықты әже күніне кем дегенде бір рет тікелей эфирге шығады. Тіпті жұмыс орнын да жабдықтап алған екен. Алғашында оған ұлы смартфонды қалай қолдану керек, эфирге қалай кіру керектігін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, үйреткен. Бүгінде әлеуметтік желіге өзі видео жүктеп, эфирге кіре алады.

«Қазір мен басым ауырып, балтырым сыздады деп отырмаймын.  Ауруымды ұмыттым. Тікелей эфир кезінде басқа елде тұратын адамдармен де сөйлесемін. Өзіме ұнайтын іс болғандықтан жаным рахаттанады. Ұлым мен келінім күні бойы жұмыста. Ал мен немерелерімді бағамын. Оларға тәтті ас-ауқат пісіріп беремін. Ал бос уақытымда мені Tik Tok-тан табасыздар.  Өйткені мен ол жерде неғұрлым көп уақыт өткізсем, соғұрлым көп ақша төленеді», - деді Tik Tok-ты бағындырған зейнеткер.