Қазақстандықтар неге арабтар сияқты шалқып өмір сүрмейді? Экономист түсіндірді
577
Белгілі экономист Мақсат Халық көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап берді. Ол Қазақстан иен байлықтың үстінде отырса да, неліктен ел халқы араб шейхтары сияқты шалқып өмір сүрмейтінін түсіндірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Спикер бұл туралы журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады.Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлі де үздік 12 елдің ішіне кіреді. Қазіргі өндіріс қоры сақталатын болса, біздегі мұнай қоры 40-50 жылға жетеді. Ендеше неге Қазақстан халқы бай емес? Өйткені шетелге экспортталатын мұнайдан түсетін пайданың тек 20%-ы ғана Қазақстанға тиесілі. Қалған 80%-ы шетелдік компаниялардың еншісінде.
Спикердің сөзінше, өткен жылы Қазақстан 68,5 млн тонна көлемінде мұнай экспорттаған. Одан 27,7 млрд доллар қаржы түскен.
"Егер бұл сомманы халықтың санына бөле салсақ, әр адамға жыл соңында 1400 доллардан тиісті болар еді. Бірақ осы мұнайдың барлығы біздің еншімізде емес. 20% ғана Қазақстанның үлесінде. Демек, сол 20-ны алатын болсақ, онда адам басына 280 доллар шығады", - деді Мақсат Халық.
Экономистің айтуынша, 90-жылдары бізде мұнайды өндіретін жаңа технологиялар мен арнайы қондырғылар болмаған. Сондықтан Қазақстан шет мемлекеттермен келісім жасасуға мәжбүр болыпты.
"Нақты келісім бар, жыл бітеді, табыстарын алып кетеді. Сол келісімнің аясында, барлығы заңды түрде жүзеге асады. Олар да инвесторлар ғой. Егер біз ұлттандырамыз, тартып аламыз десек, жалпы болашақта Қазақстанға инвестиция тарту мәселесі нашарлауы мүмкін", - деді Мақсат Халық.
Маманның айтуынша, онсыз да еліміздегі соңғы жағдайлардан кейін инвесторлардың Қазақстанға деген көзқарасы кері өзгеруі мүмкін. Бұл ретте ол соңғы жылдары әлемдік инвесторлардың Өзбекстанға қызыға қарап отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Мақсат Халық ұлттық қордағы қаржының азайып бара жатқанын жеткізді. Айтуынша, пандемия кезінде қордан өте көп мөлшерде қаржы алынған. Ал бұл экономикамызға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл ретте экономист бай тұратын Норвегия елін мысалға келтірді.
"Мұнайлы-өркениетті елдермен салыстырсақ, Норвегияны айтып жатамыз. Осы мемлекетте жақсы үрдіс қалыптасқан. Халқының жағдайы өте тамаша, жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 70 мың долларға жетеді. Ол деген керемет көрсеткіш. Өте бай мемлекет болып саналады. Халқының саны 6 млнға да жетпейді. Ұлттық қорындағы қаржы 1 триллион 300 миллиардқа жақындады. Біздің Ұлттық қор солардың мысалында құрылған. Ал біздің қорда 55 миллиард доллар бар", - деген Мақсат Халық екі елді салыстыруға келмейтінін айтты.
"Норвегиялықтар өздері талап қойған, жыл сайын ол қордың тек 4 пайызын қолданады. Қалған ақшаны үнемі инвестициялаймыз, ұлғайтамыз деп отыр. Жылына 10 пайыз сыйақы беріледі дегеннің өзінде, 100 миллиард доллардан астам қаржы төбелерінен сый ретінде түсіп отыр. Ондай кезде, 6 млн ғана халықпен, олардың барлық саланы өзгертуге мүмкіндіктері бар.
Ал біз қордағы қаржыны 200 млрд долларға жеткізсек, жылына 20 млрд доллар сый келіп тұрар еді. Ол өте жақсы көрсеткіш. Онда білімге, денсаулық сақтау саласына көңіл бөле аламыз", - дейді Мақсат Халық.
Тағы да оқыңыздар
Өндірісті өңір
1 504