АҚЫЛЫ ЖОЛДАР: ХАЛЫҚҚА АУЫРТПАЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ?
Көлік министрі Марат Қарабаев биыл ақылы жолдардың бағасы төрт есе өседі деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстанда ақылы жолдардың тарифтері тағы да көтерілді. Қызылорда – Шымкент бағыты бойынша жеңіл көліктер үшін 940 теңге, жүк көліктері үшін 19 450 теңге белгіленді. Бағаның өсуі көлік шығындарын арттырып, жүк тасымалы мен қоғамдық көлік тарифтеріне әсер етуі мүмкін. Көлік министрі Марат Қарабаев тарифтердің 30-40%-ға көтерілуі жол күтімі мен инфрақұрылымды жақсартуға қажет екенін айтты. Ақылы жолдар маңындағы тұрғындар үшін жылдық абоненттік төлем 3000 теңге.
Жүргізушілер ақылы жол сапасына күмәнмен қарайды. Шұрық-тесік учаскелер, жол белгілерінің жетіспеуі және қауіпсіздік мәселелері жиі кездеседі. Бүгінде Қазақстанда 3 676 км ақылы жол бар. Алғашқысы – 2013 жылы іске қосылған "Астана – Щучинск" бағыты. Кейін 2019-2025 жылдары "Астана – Теміртау", "Алматы – Қорғас", "Шымкент – Қызылорда" және басқа бағыттар қосылды.
Кейбір жүргізушілер төлемнен жалтару үшін айналма жолдарды таңдайды немесе мемлекеттік нөмірлерін жасырады. Алайда тегін жолдардың жағдайы көбіне сын көтермейді. Егер үкімет жол сапасын жақсартуға көбірек қаржы бөлсе, ақылы жолдардың қажеттілігі азаюы мүмкін еді. Ақылы жолдар халықтың қалтасына салмақ түсірмей, қолжетімді әрі сапалы болуы тиіс.







