Олимпиаданың жүлдегері болған қазақ палуаны сотталып кетті
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты еркін күрестен қазақстандық балуан, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Дәулет Шабанбай қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы (Билік өкіліне қатысты екі немесе одан да көп адамға күш қолдану) бабы бойынша айыпталды.
15 желтоқсанда сот Дәулет Шабанбайды кінәлі деп таныды. Ол үш жылын қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері кешкі сағат тоғыз шамасында дәмхана маңында Дәулет Шабанбайды тоқтатқан. Оларға “мас спортшы шу шығарып, тәртіпсіздік жасады” деген шағым түскен. Патруль қызметкерлерінің сұрақтары мен ескертуіне балағат сөздермен жауап беріп, біреуін итеріп, наряд бастығын иығынан қағып, бетінен соққан, үшіншісінің көзіне соққы тиген. Көмекке келген қосымша патрульдер ер адамды ұстап, қолына кісен таққан.
Үкім шығарарда сот спортшының құқық бұзушылық (Тыныштықты бұзу және қоғамдық орында мас күйде болу”) жасағаны үшін әкімшілік айыппұлдары толық өтелмегенін ескерді.
Сондай-ақ судья Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығы мен прокуратураға жеке шешім шығарып, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде жасалған заң бұзушылықтарға назар аударды. Бұл бұзушылықтар тергеу әрекетіне қатысушылар мен зардап шеккендердің құқықтарының шектелуіне, оның ішінде бетпе-бет сұрақ-жауап кезінде де әсер еткен. Сонымен қатар оқиға орнын тексеру материалдары сақталған диск жоғалғаны да атап өтті.
Үкім мен жеке шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.







