ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР САНЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

789
Қызылордада жұмыссыз жастар саны азаймай тұр, - деп хабарлайды «Opennews.kz»  ақпарат агенттігі.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасында бой көрсеткен жандардың басым көпшілігі жастар екендігін аңғардық. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы 2021 жылы  жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыруы үшін  8 425 000 теңге қаржы бөлген. Қыруар қаржы қарастырылса да, көше кезген жастарымыздың қатары азаяр емес. Сөйте тұра 2022 жылға «Жастар ресурстық орталығы» КММ арқылы жүзеге асырылатын болып  6 499 298 теңге қарастырылғандығы да белгілі болды.

«Жоба бойынша  бөлінген қаржыға 5 мәрте әскерге салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, шара аясында 75 жас әскерге аттанды. 30 түрлі іс-шараға 1000 – нан астам жастар қамтылды»,-деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының   міндетін атқарушы  Қуаныш Әбілдаев

Қалалық ішкі саясат басқармасының іштегі елдің ахуалын анықтап, оны тұрақтандыру бойынша жұмыс жасау және де жастар арасындағы NEET санаттағы жастармен жұмыс жасалмағандығы ашық көрінді.  Жастарға көмек, ақыл беретін жоба «Жас Сарбаз» әскери – патриоттық қозғалысы Қызылорда филиалы   қала тұрғындары мен жастар арасында 2018 жылда ашылғандығы мәлім. Десе де, патриоттық сезімді ілгерілетуі үшін қыруар қаражатты сарп етудің қажеті қанша? Қаражат қарастырылса да, жастар мәселесінің  қарастырылуы   ілгеріде қап кеткендей.   Осы орайда, «Қасіретті қаңтар» оқиғасының наразы топтың басым бөлігі жастар екендігінің дәлелі әлеуметтік желідегі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бейнежазбалардан аңғаруға болады. 

Расымен аяқ асты дүрбелең мен лаңкестікке ұласқан шерудің соңы қаншама бейбіт тұрғындар мен отан қорғаушылардың қазасына ұласқандығы да баршаға мәлім. Бейбіт шерудің аяқ асты қан төгіске ұшырауына не себеп?  Жергілікті жиылған жастарға басу айтқан, қоғам белсенділерінің бірі 

«Облыстық Ішкі саясат басқармасы  мен жастар орталығының жұмысына көңіліміз толмайды. Жастарға патриоттық тәрбиені ұлғайтатын «Жастар ресурстық орталығы» жанынан жастарға кеңес көмек беретін «Жас Сарбаз» орталығы ашылғанымен бүгінде жұмыс істемей отыр.  Бірақ, ақшасы толық қанды игерілген. Жастар арасындағы орын алған бұзақылық, тонау ұрлық әрекеттері жастардың заңгерлік сауаттылығының жоқтығы мен тұрақты жұмыспен қамтылмауынан»,-деді  «Әділдік жолы»  Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиал басшысы Ләззат Бақтыбаева.

Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыз азамат есебінде 2021 жылдың өзінде «Жұмыспен қамту орталығына» – 12 379 адам жүгінсе,  жұмыссыздыққа тіркелгендердің өзі 4 711 адам, оның ішінде басым бөлігін  2439- ы  жастарды  құрап отыр.   Осы орайда, қаңтар айының өзінде 2864 азамат жұмыссыз болса, оның 1 111-і жастар. Бұл ресми ақпарат көзі болса, қоғамда тіркелмеген азаматтардың санын енді өзіңіз саралай беріңіз.
Осы орайда, 

«Кез келген тарихи оқиғалардың бастамалардың басында көбіне жастар тұрады. Наразылық білдірушілердің негізгі тараптары мен ұсыныстары әлеуметтік мәселеге бағытталған. NEET санатындағы жастардың санын азайту, оларды оқыту, жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу  бағыттары бойынша тиісті салаларға ұсыныс берілді. Үстіміздегі жылы жастар саясаты және жастарды қолдау жұмыстарын жүйелі жүргізетін боламыз»,- деді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Асқар Құрмаш.

 Патриоттық сананы дамытамыз деп бөлінген қаржыны бөрі жеп кетті дегеннің кейпін киіп отырған жоқпыз ба? 2022 жылдың өзінде «Жастар ресурстық орталығына» КММ 30 миллион қаржы қарастырылған. Демек бұл жылы ерекшеліктер мен жаңа бастамаларға толы болатындығына сенейік.

Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ