Археологтар Египетте ерекше құрылысқа жерленген 30 мумияны анықтады

451
Египеттің Асуан қаласында археологтар ежелгі отбасылық зиратты тапты. Мұнда әр түрлі жастағы 30 мумия жерленген, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Live Science басылымына сілтеме жасап. Зерттеушілер мумиялардың және қорымның нақты жасын білмейді. Шамамен, мұнда бірнеше ғасырлар бойы бір отбасының мүшелері жерленіп келген. 

Милан университетінің профессоры және қазба жұмыстарының басшысы Патриция Пьячентинидің сөзінше, мумиялар птолемей және рим дәуірі кезінде, яғни біздің дәуірімізге дейінгі І-ІІ ғасырларда жерленуі мүмкін. 

Бұл қорым Ага-хан мазарының маңынан табылған 300 зираттың бірі болып отыр. Олардың барлығы Ніл өзенінің бойында орналасқан. Дегенмен мұндағы қорымдардың басым бөлігі жер астында немесе жартасқа қашап салынады. Ал бұл қорым жер бетіне салынған ерекше құрылыстың ішінде орналасқан. Ғалымдар аталмыш орынды құрбандық шалу үшін пайдалануы ықтимал екенін айтты. 

"Жазық далада орналасқанына қарағанда, бұл Хнуму құдайына құрбандық шалатын қасиетті орын болуы да мүмкін", - дейді Пьячентини. 

Археологтар қорым қабырғасынан от іздерін де тапқан. Мұны құрбандық шалғандар немесе қорымды тонамақ болғандар жасауы мүмкін. Сонымен қатар жануарлар сүйегі, жемістер, құмыра сынығы сынды өзге де заттар табылған.