Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы төмендей ме?
493
Қазақстанда әйелдер зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді сұрауда. Олар бұған дейін де митинг өткізіп, шенеуніктермен кездесуді талап еткен. Енді белсенділер депутаттарға үндеу жолдады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Белсенділер зейнет жасына қатысты мәселені көтеріп талай есікті қаққан. Еңбек министрлігінің өкілдерімен кездесіп, депутаттарға, президент әкімшілігіне хат та жолдаған. Олар 60 жасқа дейін зейнетке шықсақ деп үміттенеді. Қазір заңға сәйкес әйелдер тек 60,5 жаста ғана зейнетке шыға алады. Ал 2027 жылы бұл ерлердің зейнет жасымен теңестірілмек.
"Бұл заңды референдумсыз қабылдаған. Тұрғындардың өмір сапасын есепке алмаған. Біздің тұрмысымызды еуропалық зейнеткерлердің өмірімен салыстырады. Бірақ біздегі айырмашылық жер мен көктей. Аталмыш заңды дұрыс емес деп санаймыз", - дейді белсенді Майкен Бигарстанова.
Ал Ольга Смирнованың сөзінше, елдегі зейнет жасына тақаған әйелдердің басты мәселесі – жұмыссыздық. Егер 50 жастан кейін қызметінен айырылса, жұмысқа орналасу қиынға соғады дейді.
"Оның медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорының сақтандыруы болмайды. Демек медициналық көмек ала алмайды деген сөз. Тек балалары көмек көрсетпесе. Яғни баламызға масыл боламыз", - деп қосты белсенді Ольга Смирнова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес зейнетке ерте шығатын әйелдер тобы бар екен. Олар 5 баладан көп бала туғандар мен асырап алғандар және 8 жасына дейін өсіргендер. Сонымен қатар Семей ядролық сынақ полигонының радиациялық қауіпі жоғары аймақта тұрған әйелдер де бар.
Бұдан өзге бала күтіміне байланысты жұмыс істемеген уақыттар да еңбек өтілі ретінде есептеліп, зейнетке шығу кезінде жеңілдіктер қарастырылады. Алайда жұмыс істемеген уақыттың жалпы көлемі 12 жылға тең болуы қажет.
Мәжіліс депутаттарына өз шағымдарын айтқан белсенділер халық қалаулылары заңға өзгеріс енгізу бастамасын парламентте көтереді деп үміттенеді.
Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы өзгеріп, 60,5 жасқа дейін көтерілген еді.