Жалған ақпарат таратқан блогерлер айыппұл төлеуге міндеттелмек

120

Депутат Анас Баққожаев желіде жалған ақпарат тарататын блогерлерге айыппұл салынатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылап жатыр.


Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев заң аясында жалған ақпарат тарататындарға қанша теңге айыппұл салынатынын айтты.


Сөзінше, заң жобасы ҚР жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын негізгі заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.


Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, Жарнама туралы және ақпараттандыру туралы ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.


Азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы қылмыстық жауаптылықпен қатар (ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы) жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК (69 000 теңге), ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК (138 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік жауап енгізіледі, - деп түсіндірді депутат Қоғамдық палатаның отырысында.


Бұған дейін депутат интернетте ақша тауып, салық төлемей жүрген блогерлер туралы айтқан еді. Оның сөзінше, интернеттің дамуына байланысты қоғамдық қатынастар кеңейіп, қарыштап қадам басып келеді.


Интернет ортаның қаншама оңтайлы тұсы болса да, руханият, тіл, балаларды қорғау, экономика және тағы да басқа маңызды бағыттарға кесапаты жоқ деп айта алмаймыз. 2022 жылы жалған ақпарат таратумен байланысты 5 545 факті анықталды, оның ішінде 278-і деструктивті сипатта. 5 267 факті – алаяқтық белгілеріне (фишинг), 2 846-і қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысты болды, - деп айтты Баққожаев.


Депутат атап өткендей, еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, адамның ар-ожданы мен абыройын «тырналайтын» құбылыстың белең алып бара жатқаны да жасырын емес.

Онымен қоса Қазақстанда қызмет ететін онлайн-платформалар мемлекеттік тіл бойынша қойылатын талаптарды толық орындамайды. Сонымен қатар өздерінің интерфейсі мен контенті мемлекеттік тілге автоматты түрде аударылмайды. Бұл мәселенің экономикалық аспектілерін де бар. Мемлекет қазынасының толуы – халық мүддесіндегі мәселе. Бірақ Қазақстанның интернет аудиториясын кеңінен пайдаланып, пайда тауып, ақша тауып жергендердің арасында салық төлемей жүрген азаматтар аз емес. Оларды біз білеміз, - деді ол.


Баққожаевтың айтуынша, сондай блогерлердің дегеніне еріп, шатасып, алдау мен арбаудың залалына шалдыққан интернет тұтынушылардың құқық қорғау мәселесін де ұмытпаған жөн.


Естеріңізге сала кетсек, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев блогерлердің мәртебесін айқындайтын заң қажет екенін алғашқылардың бірі болып ұсынған болатын.