Жолбарысты тамақтандырғысы келген ер адам қолынан айырылып қала жаздады

219
АҚШ-та жолбарыс қорық қызметкеріне шабуыл жасады. Ер адам тыйым салынғанына қарамастан жыртқышты тамақтандырғысы келген, деп хабарлайды Lenta.ru.

Келеңсіз жағдай 23 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша 4:30 шамасында Флорида штатындағы Эверглейдс ұлттық паркіне жақын жерде болған. Коллиер округінің шериф кеңсесі ұсынған ақпаратқа сәйкес, жолбарысты күтіп баптайтын арнайы маман оған тамақ беріп жатқан уақытта, торға қорықтың басқа қызметкері кірген. Ер адам да жыртқышқа ет бергісі келген. Алайда жолбарыс оған тұра ұмтылған. Абырой болғанда қорық қызметкерлері оны арашалап қалған, дегенмен ер адам қолынан ауыр жарақат алып, шұғыл ауруханаға жеткізілген.

Кейінірек зардап шеккен маманның жыртқыштармен жұмыс істеуге ешқандай рұқсаты болмағаны анықталған.

"Адамдар жолбарысты жай ғана сипалауға немесе ол жатқан торға еркін кіре беруге болады деген түсініктен арылмайынша, мұндай жағдайлар қайталана береді", - дейді PETA жануарларды қорғау ұйымының өкілі Дебби Метцлер.