Ақмола облысында мұғалім спорттық жарыс ойындары кезінде жан тәсілім етті
411
Қайғылы оқиға Ақмола облысының Степняк қаласында өткен спорттық жарыста орын алды. "Мұғалім-2022" аймақтық спартакиадасының қатысушысы, 43 жастағы ұстаздың денсаулығы күрт нашарлап кеткен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Спорттық жарыс дүйсенбі, 28 наурыз күні Ақмола облысы Біржан сал ауданы Степняк қаласында болған. Облыстық білім басқармасы хабарлағандай, бұл білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында өткен (волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, биатлон және ұлттық спорт түрлерінен) "Мұғалім-2022" аймақтық спартакиадасы.
Марқұм 1979 жылы туған Гүлжан Мұсабаева Мамай ауылындағы негізгі орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Шараға қатысушылардың айтуынша, қайғылы оқиға волейбол ойыны кезінде болған. Кенет ойын кезінде Гүлжан Қабиденқызы өзін жайсыз сезіне бастаған. Мұғалім алаңнан шығып, орындыққа барып отырады. Біраз уақыттан кейін ол есін жоғалтып, құлап түседі.
"Медициналық қызметкер алғашы көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді", - деп мәлімдеді білім басқармасы.
Гүлжан Қабиденқызы Мұсабаева отбасылы, үш баланың анасы.
"Мектеп директорының айтуынша, марқұм денсаулығына шағым жасамаған және Біржан сал аудандық орталық ауруханасында есепте тұрмаған. Жыл сайынғы медициналық тексеруден өтіп, жұмыс істеуі үшін рұқсаты болған", - деп атап өтті жауапты басқарма.
Оқутышының жарыстарға да қатысуына рұқсат етілген сондай-ақ өтінім бойынша үстел теннисі мен волейбол командасына жазылған.