ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕКЕ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНДА БАЛАЛАР ЕДЕНДЕ ЖАТЫР

2 344

Бүгінгі күні Қызылорда қаласында қаптаған жеке білім беру орталықтарының бірінде дау шықты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қала орталығында орналасқан «Меридиан»  оқу орталығына түскі уақытта баласын алып кетуге келген ата-ананың бірі адам шошырлық жағдайда, орталық оқушыларының еденде ұйықтап жатқан сәтіне куә болған.  Осы көріністі видеоға түсіріп алған  ата-ана әлеуметтік желілердің  біріне жүктеп, қоғам арасында дау тудырды. 
Көріп тұрғандарыңыздай балалардың суық еденде ұйықтап жатқандарын байқауға болады. Бұған дейінде,  қоғам арасында осы оқу орталығына  қатысты бірнеше мәрте шағым түсіп келгенін  де ескергеніміз жөн.
 
«Меридианның проблемасы бітпейді. Масқара  білім алуға кеткен балаларымыздың  еденде жатқандары қалай? Қаламызда жекелерді бақылайтын орган жоқ болғаны ма?», - дейді қала тұрғыны Жазира.


15 жылдық тәжірибесі бар, аталмыш оқу орталығының балаларды еденде жатқызуына не себеп? Балалар жылында балаларға қолайлы жағдай жасалмағаны қалай?  Расында, мемлекеттік мекемелерді үсті-үстіне тексере бергенше, бір мезет жеке оқу орталықтары мен балабақшаларды тексеріп тұрған дұрыс секілді.  

«Меридиан» оқу орталығының ішінде орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді қоғам белсендісі, әрі «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын. 

 «Бұл өте сорақы жағдай. Партаға сыймағандықтан балалар еденде отырып білім алуға мәжбүр болған. Ешқандай рұқсаты жоқ адамдар балаларға тамақ жасаған, ас мәзірі де дұрыс емес. Бұл құзырлы органдардың мүлдем жұмыс жасамайтынын білдіреді. Біз жоғары жақта мықты таныстары мен туыстары бар адамдардың балаларымыздың құқығын таптауға рұқсат бермейміз», - дейді Ләззат Бақтыбаева. 

Алайда аталған оқу орталығының басшысының айтуы бойынша, 15 жылға жуық тәжірибесі бар орталықта бәрі сақадай-сай. Тіпті, санитарлық нормаларға сәйкес екендігін алға тартуда. Десе де, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды, менің қызметтік мансабыма жала жабушыларды жазаға тартатындығын алға тартуда. 


 
«Бүгінде балалар стандартқа сай білім алып, тамақтануда. Әр күнге арнайы ас мәзірлері де бар. Біз балаларды түскі уақытта ұйықтатпаймыз. Ол біздің келісім-шартта көрсетілмеген. Әлеуметтік желілерге тарап кеткен ас үй бөлмесі, оқу орталықтың оқушыларға тамақ дайындайтын бөлмесі емес. Балалар асханасын басқа деңгейде көрсеткені  сол қызметкерге  шағымымызды жазып құзырлы органдарға тапсыратын боламыз», - деді «Меридиан» жеке оқу орталығының басшысы Айнұр Сүндетова. 



Сонымен қатар, орталық қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек қасақана жоспарлы түрде жасалған дейді. Алайда, оқу орталығы қазан айында ата-аналардан рұқсатнама қағаз жаздырып, үйлерінен жылы төсеніштерін алдыру қағазында байқадық. Ал, бұл фактіні орталық басшысы сол жала жапқан байырғы қызметкердің әрекеті деп түсіндіруде. 
Балалардың білімі мен ас-ауқаты және де тасымалдануы үшін бала басына нақты бекітілген қаржы 27 000 теңге. Алайда, ата-ананың отбасылық жағдайына байланысты қарастырылатындығын да алға тартты. Бүгінгі күні осы орталықтан білім алушы саны 33. Ал, күзгі кезеңдерде 400 балаға дейін оқытылады екен. 
Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, «жасыратыны жоқ мен үшін ең бірінші бизнес»,  деген оқу орталығының директоры негізгі мамандығы эколог, экономист, одан кейін мектепке дейіңгі оқыту, ал қазіргі таңда медицина колледжінің студенті екендігін де жасырмады. 


Түсірілім барысында, наразылығын білдіріп, орын алған оқиға бойынша келген ата-ананың бірі:


«Мен ендігі әрі бұл орталыққа баламды жібермеспін. Масқара! Қандай қазанмен, қандай талаппен берілген тамақ бұл? Сонда мен қызымды осылай еденде ұйықтап, осы быламықты жесін деп тапсырдым ба, сіздерге? Не үшін біз төлем жасап жүрміз? Сіздерді тексеретін орын бар ма? Бұл орталықта бір емес, бірнеше мәрте оқытушылар ауысып, өздеріңіз қолхат жаздырып алдыңыздар. Оқытушыларыңыз бізге хабарласып, еден суық сондықтан жамылғы беріп жіберіңіздер. Бір мезгіл демалдырайын»,- деді. Сонда басшылық ететін Айнұр апайымыз неге қарсылық танытпады? Бәрін біліп отыр, қазан қайдан келгенін білмеймін, деген не масқара!»,- деді ашынған ата-ана.



Алайда, біздің түсірілім барысынан соң арнайы тексеріс комиссиясының барғандығы мәлім болды. Алайда, оқу орталығының шкафтерінің бірінде  «Совет шампані»  табылғандығы белгілі болды.



 АЙБАР