Шымкентте СЭС қызметкері өзін полицеймін деп ақша бопсалаған
Шымкентте ер кісі өзін полицеймін деп жергілікті тұрғынды бопсалап келген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Ол қорқытқан адамынан ай сайын қомақты қаржы алып отырыпты. Өзін Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының жедел уәкілі ретінде таныстырған.
Белгілі болғандай, ер кісі әйелді құқықбұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қоямын деп қорқытқан. Жергілікті тұрғынды әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін ай сайын 80 мың теңге беруді талап еткен. Бұл бойынша келіншек полицейлерге шағым түсіреді.
Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілердің мәліметінше, жедел-іздестіру жұмыстары барысында Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ер адамды ақша алу үстінде ұстаған. Тексеру кезінде оның полицияға ешқандай қатысы жоқ екені анықталған. Ол санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемесінде жұмыс істейтін болып шықты.